15 қазанда Украина дрондары Мәскеуден оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 180 шақырым жерде орналасқан Рязань облысындағы мұнай өңдеу зауытына соққы жасады. Ресей билігі нысан аумағында өрт шыққанын хабарлады. Трамп Украина әрекетін сынап, мұндай шабуылдар әлемдік мұнай бағасының өсуіне ықпал ететінін мәлімдеді.
Қайшылықты күшейткен тағы бір мәселе – Украина әскері пайдаланатын Starlink және АҚШ үкіметіне тиесілі Starshield спутниктік байланыс жүйелерінің жұмысына қойылған уақытша шектеулер. Reuters агенттігінің дерегінше, Starshield жүйесіне қатысты шектеу енгізу туралы нұсқау Ақ үйден Пентагон басшылығына берілген. Алайда АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілі Трамптың мұндай тапсырма бермегенін айтқан.
Зеленский АҚШ президентінің Мәскеумен келісімдеріне және спутниктік байланысқа қойылған шектеулерге наразылығын білдіріп, Вашингтонның қолдауына қатысты алаңдаушылық білдірді. Осы жағдай аясында Украина басшысы Еуропалық одақ жетекшілерімен кездесіп, Киевке қосымша көмек көрсету мәселесін талқылау үшін Брюссельге барды.


