Жаңаөзен қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) мен Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) қатысуымен ауқымды ұстау операциясы жүргізілген. Бұл туралы кәсіпкер Бибігүл Рамазан әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz .
Оның мәліметінше, операция барысында «Jana Oil Service» ЖШС-нің (бұрынғы «Кезби») және «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның басшылары ұсталған.
Бибігүл Рамазанның жазуынша, мердігер ұйымдардың басшылығымен келісіп әрекет еткен деген күдікке ілінген қылмыстық топ та қолға түскен. Кәсіпкердің мәліметінше, олар ереуілдер ұйымдастыру арқылы тапсырыс беруші «Өзенмұнайгаз» АҚ-нан қосымша қаржыландыру алуға тырысқан.
Аталған ақпаратқа қатысты құқық қорғау органдарының ресми түсініктемесі әзірге ұсынылған жоқ.


