Алматыда жұмыс іздеп хабарласқан қазақтілді үміткерді мемлекеттік тілде жазғаны үшін балағаттаған кәсіпкер әйелге қатысты дау туындады. Оқиғаға байланысты әлеуметтік желіде тараған скриншоттар қоғамның қызу талқысына түсті, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Жарияланған мәліметтерге сәйкес, бос жұмыс орнына қатысты хабарласқан үміткер жұмыс берушінің тілдік негізде қарсылығына тап болған. Тараған ақпаратта қоғамдық тамақтану саласында қызмет ететін Ольга Дубинина есімді кәсіпкердің аты аталады.
Әлеуметтік желіде жарияланған скриншоттарда жұмыс берушінің үміткерге былапыт сөздер айтып, ар-намысына тигені көрсетілген.
«Всякую шваль я не собираюсь брать на работу», «Учи язык», «Езжай в аул к себе и не позорь Алматы», «Позорище», «Кроме своего казахша ни х..я не умеешь», – делінген тараған хабарламаларда.
Бұл жазбалар қазақтілді желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Қоғам белсендісі Диас Құзайыров Алматы қаласының полиция департаментіне арыз жолдап, оқиғаға құқықтық баға беруді және заң аясында шара қолдануды талап етті.
«Аталған азаматтың әрекетінде ұлт араздығын қоздыру және мемлекеттік тілге, қазақ тіліне деген ашық құрметсіздік белгілері бар. Бұл тілдік белгі бойынша құқықты шектеу және ұлттық араздық туғызу», – дейді белсенді өз өтінішінде.
Қазақстанның Еңбек кодексінің 6-бабы еңбек саласында тіліне және ұлтына байланысты кемсітуге тыйым салады. Ал Қылмыстық кодекстің 174-бабы әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни араздықты қоздыруға қатысты жауапкершілікті көздейді. Бұл баптың нақты жағдайға қолданылуы құқық қорғау органдарының тексеруі мен құқықтық бағасына байланысты.
Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылары мемлекеттік тілде сөйлеген азаматты қорлауға жол бермеу керектігін айтып, құқық қорғау органдарынан жағдайға тиісті баға беруді сұрауда.


