Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей-үйінің ашылғанына 35 жыл толды. Мерейтойға орай Алматы қаласындағы Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінде «Ғабит Мүсірепов музейіне – 35 жыл» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Музей кешенінің жетекшісі Назгүл Алтаеваның айтуынша, айтулы шара қаламгердің шығармашылық мұрасын дәріптеп, музейдің қалыптасу тарихын еске алуға арналды.
Оның сөзінше, жиында музей кешенінің ғылыми бөлім жетекшісі, ақын әрі жазушы Әділғазы Қайырбеков музейдің ашылу тарихына тоқталып, осы жылдар ішінде жарық көрген құнды еңбектерді таныстырған. Олардың қатарында «Ғажайып Ғабең», «Ер Ана», «Мүсірепов хатханасы» және «Ғабит Мүсірепов» тұлғалық энциклопедиясы бар.

Назгүл Алтаева музейдің ашылуына арналған алғашқы мақалалардың бірі – жазушы-журналист Қали Сәрсенбайдың 1991 жылы 12 қазанда «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлылық ұясы» атты мақаласы да жиында еске алынғанын атап өтті.
«Осы мерейлі күнге орай қаламгер музейі алғаш ашылғанда Қазақ Еліне жар салып, баспасөзде тұңғыш мақала жариялаған белгілі жазушы-журналист Қали Сәрсенбайдың мақаласын оқырмандар назарына қайталап ұсынуды жөн көріп отырмыз», – деді ол.

Музей жетекшісінің айтуынша, дөңгелек үстелге қазақ руханиятының өкілдері, қаламгердің ұрпақтары мен музей жанашырлары қатысып, Ғабит Мүсірепов туралы естеліктерімен бөліскен. Олардың қатарында Нұрдәулет Ақыш, Қуандық Түменбай, Гаухар Ғабитқызы Мүсірепова және басқа да зиялы қауым өкілдері болды.
Сондай-ақ шараға Республикалық жоғары медициналық колледжінің студенттері қатысып, жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарын қойған.

Назгүл Алтаева Ғабит Мүсірепов музейі тек қаламгердің өмірі мен шығармашылығын таныстыратын орын ғана емес, ұлттық әдебиет пен руханияттың құнды мұрасын сақтайтын қасиетті мекен екенін атап өтті.
Музей экспозициясында жазушының қолжазбалары, жеке заттары, кітапханасы мен шығармашылық жолынан сыр шертетін құнды жәдігерлер сақталған. Оның ішінде «Ұлпан», «Оянған өлке», «Қазақ солдаты» шығармаларының қолжазбалары да бар.
Музей жетекшісінің пікірінше, Ғабит Мүсіреповтің әдеби мұрасы мен рухани құндылықтары кейінгі ұрпаққа жеткізіліп, насихаттала беруі керек.


