Соңғы апталарда Астанада еліміздің түрлі өңірлерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтті. Маусымның соңғы жәрмеңкесін Ақмола облысы ұйымдастырды. Елорда тұрғындарына жалпы көлемі 1000 тоннадан асатын 50-ден астам түрлі өнім ұсынылды. Сауда жасау үшін 140 орын әзірленді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Сөрелерден ет және шұжық өнімдерін, сүт өнімдерін, жаңа ауланған балықты, ұн, жарма, өсімдік майын, картоп пен көкөністерді табуға болды. Сонымен қатар 350 мың дана жұмыртқа жеткізілді. Бұдан бөлек, отын, көшет және басқа да маусымдық тауарлар сатылды.
Жәрмеңкеге мерекелік көңіл күй сыйлаған Ақмола облысының өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, елорда тұрғындарына ән мен жырдан шашу шашты.

Биыл ақмолалықтар дәстүрлі жәрмеңкеге ерекше формат енгізді. Саудамен қатар, қонақтарға ECO Birlik экологиялық акциясы, ұлттық ойындар мен қазақ батырының бейнесінде суретке түсуге арналған интерактивті фотозона ұсынылды. Келушілер пластик қалдықтарын тапсырып, естелік сыйлықтар алды, ұлттық дәстүрлермен танысты. Ал волонтерлер сатып алған заттарын көлікке дейін жеткізуге көмектесті. Осылайша, жәрмеңке жергілікті өндірушілерді қолдауды, экологиялық мәдениетті және өңірдің қонақжайлылығын бір арнаға тоғыстырды.
Ақмола облысы бүгінде Астананы азық-түлікпен қамтамасыз ететін негізгі өңірлердің бірі. Облыс елорданың сүт өнімдеріне деген сұранысының шамамен 40 пайызын қамтамасыз етеді. Бұл тәулігіне 140 тоннаға жуық сүт өнімі. Сондай-ақ ет жеткізілімінің 30 пайызы немесе күніне 80 тонна ет осы өңірдің үлесінде. Ал тағамдық жұмыртқа қажеттілігінің шамамен 80 пайызы, яғни тәулігіне 700 мың дана жұмыртқа Ақмола облысынан жеткізіледі.

«Біз тұтынушылар сапалы отандық өнімді қолжетімді бағамен сатып алуы үшін мың тоннадан астам тауар әкелдік. Дегенмен, біздің міндетіміз мұнымен шектелмейді. Ақмола облысы өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім өткізу нарығын кеңейтуді көздейді. Осылайша, Астананы ғана емес, еліміздің басқа да өңірлерін азық-түлікпен қамтамасыз етуге үлес қосамыз.Мемлекет басшысы өз Жолдауында ет кластерін дамытуға ерекше назар аударды. Біз бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Асыл тұқымды мал әкеліп, фермерлік шаруашылықтарды дамытып, мал басын көбейтуге жағдай жасаудамыз. Ақмола облысы «Береке» бағдарламасы бойынша қолдау алған алғашқы өңірлердің бірі болды және осы бағдарлама аясында ең көп қаржыландыру көлеміне ие болды», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Алдағы жылдары өңірде жаңа жобаларды іске асыру арқылы ет пен сүт өндірісін арттыру жоспарланып отыр. Солардың бірі – Ерейментау ет кластері. Жоба аясында әрқайсысы 20 мың бас ірі қараға арналған үш асыл тұқымды мал өсіру шаруашылығы, 30 мың басқа арналған бордақылау алаңы және 300-ге жуық фермерлік шаруашылық біріктіріледі.
Сүт өндірісі бағытында да жұмыстар жалғасуда. Соңғы үш жылда облыста жалпы қуаттылығы 5,8 мың басқа арналған алты тауарлы сүт фермасы ашылды. 2026–2028 жылдары тағы алты ферманың құрылысын жүргізу жоспарланған. Олардың іске қосылуы 2030 жылға қарай тауарлы сүт өндірісін екі есеге жуық арттыруға мүмкіндік береді.

Осылайша, Астанадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымын қорытындылау Ақмола облысы үшін тек сауда-саттықтың нәтижесі ғана емес, өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін көрсетуге де мүмкіндік болды. Бүгінде әрбір өнімнің артында фермерлердің еңбегі, мал шаруашылығының дамуы және жаңа өндірістік жобалар тұр.
Өңір алдағы уақытта ет пен сүт өндірісін одан әрі арттырып, өнім өткізу нарығын кеңейтуді көздейді. Күні кеше облысқа «дорпер» асыл тұқымды қой тұқымының 1,1 мың басы жеткізілді. Бұл – «Береке» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясындағы ірі жобаның алғашқы кезеңі.
Сонымен қатар Ақмола облысы отандық өнімнің өткізу нарығын кеңейтіп, экспорттық бағыттарды дамытуды жоспарлап отыр. Ақмолалық өнімдер еліміздің ішкі нарығында сұранысқа ие болып, жеткізу географиясы Қазақстан шекарасынан тыс жерлерге де кеңейіп келеді.


