Екі ірі ұлттық компания басшысының ұсталуынан кейін қоғам назарын маңызды мәселеге аударды. Бұл жолы азаматтар нені талап етіп отыр?
Қазақстанда ірі ұлттық компаниялардың басшыларына қатысты жүргізілген тергеу қоғам назарын тағы да сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне аударды. «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғаны туралы ақпарат мемлекеттік басқару жүйесіндегі жауапкершілік, заң үстемдігі және ұлттық активтердің тағдыры жөніндегі пікірталасты күшейтті. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл оқиғаны Президенттің «Заң мен тәртіп» саясатының маңызды сынағы ретінде бағалап жатыр.
Жоғары лауазым – жауапкершіліктен босатпайды
12 қарашада Қазақстанның құқық қорғау органдары елдің стратегиялық маңызы бар екі ірі құрылымының басшыларына қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиев және өзге де тұлғалар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталды.
Бұл оқиғаның қоғамдық маңызы күдіктілердің лауазымымен ғана өлшенбейді. Өйткені сөз мемлекеттік активтерді басқаруға, ел экономикасының маңызды салаларына және стратегиялық шешімдер қабылдауға тікелей қатысы бар құрылымдардың басшылары туралы болып отыр.
«Самұрық-Қазына» қорының портфелінде елдің ірі ұлттық компаниялары мен стратегиялық активтері шоғырланған. Ал «Қазақстан темір жолы» – көлік-логистика жүйесінің негізгі буыны. Сондықтан мұндай ұйымдардың басшылығына қатысты кез келген құқықтық оқиға мемлекет пен қоғам арасындағы сенім мәселесіне тікелей әсер етеді.
Бұған дейін сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы айтылғанда, көбіне төменгі және орта буындағы мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі талқыланатын. Ал бұл жолғы оқиға қоғам назарын басқару жүйесінің ең жоғарғы деңгейіндегі жауапкершілік мәселесіне аударды.
Осы тұрғыдан алғанда, ұсталымдар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Заң мен тәртіп» қағидатының іс жүзінде қалай жүзеге асатынына қатысты маңызды қоғамдық сынаққа айналып отыр.
«Заң мен тәртіп» қағидатының нақты сынағы
Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компания басшыларының жауапкершілігіне қатысты бірнеше рет қатаң ұстанымын білдірген. Оның негізгі мәні – лауазымына, ықпалына немесе байланысына қарамастан, заң алдында барлық азаматтың тең болуы.
Бұл қағидаттың шынайы жүзеге асуы дәл осындай күрделі жағдайларда көрінеді. Себебі құқық үстемдігі қарапайым азаматқа талап қоюмен ғана шектелмеуі керек. Мемлекеттік ресурстарға иелік ететін, ірі қаржы ағындары мен стратегиялық шешімдерге жауап беретін тұлғалар да заң талаптарын бірдей орындауға міндетті.
Блогер әрі қоғам белсендісі Даурен Сейтжанұлы Президенттің саясатын Қытай философиясындағы «у-вэй» ұғымымен байланыстырады. Оның пайымынша, бұл – арқанды бірден жұлқымай, біртіндеп тарта отырып, барлық салада жүйелі тәртіп орнату тәсілі.
Мен Президенттің саясатын дәл осы философиямен байланыстырамын. Яғни арқанды бірден жұлқымай, біртіндеп тарта отырып, барлық салада тәртіп орнатып келеді. Бүгінгі ірі көлемдегі құрықтаулар да – соның бір көрінісі, – деп жазады ол.
Автордың пікірінше, заң талаптарын елемеу мен белгіленген қағидаларды бұзудың соңы жауапкершілікке әкелуі тиіс. Бұл жерде маңыздысы – жекелеген адамдарды ұстау ғана емес, заң бұзушылықтың алдын алатын жүйелі тетіктердің қалыптасуы.
Оның жазбасының астына пікір қалдырған Әмірбек Шаймағамбетов есімді желі қолданушысы Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған құқық қорғау саласындағы өзгерістерді елдегі заң үстемдігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалайды. Оның пікірінше, «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшыларына қатысты тергеу және ҰҚК мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметін біріктіру арқылы жемқорлыққа, ұйымдасқан қылмысқа және ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін әрекеттерге қарсы күрес күшейе түседі. Автор бұл бастамаларды ешкім заңнан жоғары тұрмайтын әділетті қоғам қалыптастырудың нақты көрінісі деп санайды.
Ал БАҚ саласының өкілі Ержан Жаубай «Заң мен тәртіп» қағидатының баршаға ортақ талап екенін атап өтеді. Оның жазуынша, адамның лауазымы да, қолындағы билігі де, байлығы да заң алдында артықшылық бермеуі керек.
Мұнда ең бастысы – кімнің кім екені емес, заңның қалай жұмыс істейтіні. Егер құқық бұзушылық фактісі дәлелденсе, оған қатысы бар әрбір адам лауазымына қарамастан жауап беруі тиіс, – дейді ол.
Оның Facebook-тегі жазбасының астына пікір жазған Оспан Коршун есімді азамат заң мен тәртіп баршаға бірдей болуы керектігін, адамның лауазымы мен қызметіне қарамастан, ешкім заңнан жоғары тұрмауы тиіс екенін атап өткен. Сондай-ақ Президенттің осы ұстанымын қолдап, заң талаптарының барлығына бірдей қолданылуы әділетті әрі тұрақты мемлекеттің басты шарты екенін жеткізген.


