Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде мерзімді әскери қызметтегі матростар А.А. Ахметов пен Ә.А. Мағауияға қатысты тараған ақпаратқа байланысты ресми түсінік берді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Министрліктің мәліметінше, аталған екі әскери қызметші де Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу жиыны кезінде ашық теңізге шықпай, жағалауда тиісті оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындаған.
«Қазіргі уақытта аталған әскери қызметшілер әскери бөлімнің орналасқан жерінде және күн тәртібіне сәйкес әскери қызметін атқарып жүр», – делінген министрлік таратқан ресми хабарламада.
Бұл мәселе әлеуметтік желілерде Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін жарияланған ресми деректердегі сарбаздар санына қатысты сұрақтар туындаған тұста көтерілген еді. 24 қыркүйекте таратқан алғашқы ақпаратта ауа райының күрт бұзылуы салдарынан 19 әскери қызметшіні теңіз алып кеткені хабарланған болатын. Кейіннен Үкіметтік комиссия мәліметті нақтылап, ашық теңізге кеткендер саны 17 адам екенін мәлімдеді. Ал іздестіру-құтқару операциясының қорытындысы бойынша 3 сарбаз аман қалып, 14 әскери қызметші қаза тапты.
Министрліктің жаңа мәлімдемесінде А.А. Ахметов пен Ә.А. Мағауияның суға кеткен топта болмағаны айтылғанымен, алғашқы есептегі 19 санның неліктен 17-ге өзгергені нақты түсіндірілген жоқ. Осыған байланысты ведомство өкілдері азаматтарды тек ресми дереккөздерге сүйенуге және расталмаған ақпаратты таратпауға шақырды.
Еске сала кетейік, Каспийдегі қайғылы жағдайдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қаза тапқан 14 әскери қызметші «Айбын» ордендерімен марапатталды, ал Қорғаныс министрі болып генерал-майор Айдос Мырзахметов тағайындалды. Осы іс бойынша министрліктің 5 лауазымды тұлғасы қамауға алынып, арнайы комиссия кешенді тексеру жүргізуде.
