Абай облысының прокуратурасы ерекше күтімді қажет ететін балалар тұратын орталықта жаппай заңбұзушылықтарды анықтады. Тексеру барысында мекеме қызметкерлерінің тәрбиеленушілерге жүйелі түрде физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсеткені белгілі болды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz .
Заңбұзушылықтар Аягөз ауданындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығын тексеру кезінде анықталды. Прокуратураның мәліметінше, санитарлар тәрбиеленушілердің дәрменсіз күйде екенін және өздерін қорғай алмайтынын пайдаланып келген.
– Тексеру барысында физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтың жүйелі түрде жасалған 100-ден астам дерегі анықталды, – деп хабарлады Абай облысының прокуратурасы.
Сондай-ақ кейбір қызметкерлердің болып жатқан жағдайды көрсе де, зорлық-зомбылықты тоқтатуға әрекет жасамағаны белгілі болды.
Прокуратура Қазақстан Қылмыстық кодексінің 140-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Заңбұзушылықтарға қатысы бар қызметкерлер жұмыстан шеттетіліп, олардың тәрбиеленушілермен байланысына шектеу қойылды.
Абай облысындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарын тексеру жалғасып жатыр.


