Алматыда тұрғындар арасында ауладағы автотұраққа көлік қоюға байланысты жанжал шығып, арты адам өліміне ұласқан. Ер адамдардың бірі ағасын көмекке шақырған. Алайда ол жағдайды анықтамастан, 37 жастағы Данил Щетниковтың мойнына пышақ сұғып алған, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Оқиға 4 қазан күні кешке болған. Марқұмның туыстарының айтуынша, Данил ұлы және достарымен бірге қала сыртына демалуға барған. Үйіне оралған соң, ауладағы автотұрақта тұрған бейтаныс көлікті байқап, иесінен оны алып тастауды сұраған. Осыдан кейін көршілер арасында түсініспеушілік туындап, жанжал төбелеске ұласқан.
Кейін ер адамдардың бірі ағасын шақырған. Алайда келген азамат мәселенің мән-жайын анықтамастан, Данилға шабуыл жасап, мойнына пышақ сұғып алған.
Марқұмның жұбайы Ирина сол сәтте болған жағдайды баяндады.
«Ол “Сені кім ұрды?” деп сұрады. Күйеуімді көрсетті. Содан кейін ол жақындап келіп, күйеуіме соққы жасады. Басында басынан ұрды деп ойладым. Кейін күйеуімнің мойнын ұстап, аулаға қарай жүгіріп, жерге құлағанын көрдім. Ол қанға тұншыға бастады. Кейін тамағын кесіп жібергені белгілі болды», – деді ол.
Марқұмның үйіне туыстары, достары мен әріптестері жиналып, 37 жастағы Данилмен қоштасып жатыр. Оның артында 8 жастағы ұлы қалды. Ал бір айдан кейін отбасында қыз бала дүниеге келуі керек еді.
Данилдың досы Әмір Мұқашевтың сөзінше, алғашқы жанжалдан кейін қарсы тарап қайта оралып, бірнеше адамды ертіп келген.
«Біз көліктен заттарды түсіріп жатқанбыз. Сол кезде бір топ жігіт келді. Олардың бірі сөзге келместен: “Сен менің бауырымды ұрдың ба?” деп, Данилдың мойнына пышақ сұғып алды. Содан кейін Данил үйіне қарай жүгіріп, “Жедел жәрдем шақырыңдар!” деп айқайлады», – деді ол.
Туыстары мен достарының айтуынша, Данил көршісімен бұрын араласпаған, бұған дейін олардың арасында ешқандай жанжал болмаған. Ал күдіктінің отбасы көрші үйдегі пәтерді жалдап тұрған. Оқиғадан кейін олар тұрғын үйден асығыс көшіп кеткен.
Шабуыл болған жерде жол талғамайтын көлік әлі тұр. Куәгерлердің айтуынша, оқиғадан кейін бір топ адам көлікке тас лақтырып, оның бүйіріндегі әйнегін сындырған.
Алматы полициясы аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. 37 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің мәліметінше, ер адамдар арасында алдымен жанжал туындап, кейін жәбірленуші өліміне әкелген жарақат алған.
Марқұмның жақындары істің әділ әрі жан-жақты тергелуін талап етіп отыр. Олар қылмыстық істі «Адам өлтіру» бабына қайта саралауды сұрайды.


