Жуырда Алматы облысының Қарасай ауданында Қаскелең өзенінің бойында көптен күткен жаңа саябақ ашылды. Терренкур, балалар ойын алаңы және амфитеатрмен жабдықталған саябақ тұрғындардың демалуына, серуендеуіне және бос уақытын тиімді өткізуіне арналған заманауи қоғамдық кеңістікке айналмақ, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Ал бүгін, 5 қарашада, республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында саябақ аумағында экологиялық іс-шара өтті. Оған Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов және волонтерлер қатысты. Акцияға қатысушылар аумақты абаттандыру және жасыл желектер отырғызу жұмыстарына атсалысты.
Саябақтың жалпы аумағы 3 гектарды құрайды, оның 1 гектардан астам бөлігі абаттандырылған. Мұнда серуендеуге арналған жолдар төселіп, гүлзарлар жасалған, балалар және спорт алаңдары жабдықталған. Сондай-ақ учаскелік полиция пункті қарастырылған. Аумақты көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінген. Бұған дейін мұнда көгілдір шыршалар, қарағайлар, жеміс ағаштары, мың түп раушан гүлі және 1 600 түп сәндік бұта отырғызылған.
Бүгінгі экологиялық іс-шара аясында қосымша 50 түп қарағай, 10 түп алма ағашы және 10 түп қайың отырғызылды. Осылайша, саябақ аумағы жаңа жасыл желектермен толығып, одан әрі көркейе түсуде. Сонымен қатар өсімдіктерді күтіп-баптау үшін арнайы суару жүйесі орнатылған.
Мұндай бастамалар елді мекендерді абаттандырумен қатар, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруда да маңызды рөл атқарады. Осындай іс-шараларға қатысу тұрғындарды тазалық пен тәртіпке үйретіп, табиғатқа жанашырлықпен қарауға баулиды және азаматтардың экологиялық санасын арттыруға ықпал етеді. Өйткені қоршаған ортаны қорғау әр адамның жеке жауапкершілігінен және туған өлкенің игілігі үшін жасалған нақты істерден басталады.
Жаңа саябақ тұрғындардың демалатын орны ғана емес, сонымен қатар табиғатты аялау, тазалық сақтау және туған өлкені көркейту сияқты ортақ құндылықтар төңірегінде жұртшылықты біріктіретін қоғамдық кеңістікке айналмақ.
