Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин 2026 жылғы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссияның соңғы шешіміне қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, сыйлық нақты тұлғаға емес, шығарманың құндылығы мен жаңашылдығына қарай берілуі керек, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.  

Ерлан Қарин комиссия төрағасы ретінде конкурсқа қатысқан барлық үміткерді құрметтейтінін, алайда мемлекеттік сыйлықты танымалдылыққа немесе мерейтойға байланысты беру дұрыс емес екенін атап өтті.

«Мемлекеттік сыйлық – тұлғаға емес, туындыға берілетін сыйлық. Осының аражігін ажыратып алған дұрыс. Атақты біреуге ұнау немесе жағу үшін, ренжіп қалмасын деген себеппен беретін болсақ, өнер одан дамымайды, бұл атақтың мәртебесі артпайды», – деді ол.

Мемлекеттік кеңесшінің сөзінше, биыл ұсынылған туындылардың барлығы дауысқа салынғанымен, комиссия мүшелерінің ешқайсысы айқын басымдыққа ие болмаған. Керісінше, жұмыстарды қолдамағандар мен дауыс беруден қалыс қалғандардың үлесі басым болған.

Ол 2023 жылы гуманитарлық ғылымдар саласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлықтың да лайықты жұмыстар болмағандықтан берілмегенін еске салды.

Сонымен қатар Ерлан Қарин Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты беру тәртібі мен ережесіне ауқымды өзгерістер енгізу қажеттігін жеткізді. Оның пікірінше, сыйлықтың талаптары ғана емес, мазмұны мен сипаты да заман талабына сай жаңаруы тиіс.

«Мысалы, әлемдегі ең беделді Нобель сыйлығы 50 не 70 жасқа толғаны үшін емес, жаңалық пен жаңашылдық үшін беріледі. Сол сияқты Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты мерейтой иесіне, үміткердің материалдық жағдайына және басқадай себептерге байланысты ұсыну жалпы дұрыс емес. Сондықтан мемлекеттік сыйлық тәртібі мен ережесіне үлкен өзгеріс енгіземіз», – деді Ерлан Қарин.

Сондай-ақ ол 2000 жылдардан бері Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың 60-қа жуық адамға берілгенін айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен сыйлық иегерлеріне берілетін ақшалай қаражат та артқан. Осыған байланысты мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатын туындылардың деңгейі де соған сай болуы керектігін атап өтті.

Share.
Exit mobile version