Әлеуметтік желіде «Ұмай» әйелдер ипотекасына өтінім қабылдау басталған күні «Отбасы банк» бөлімшесінің алдында түсірілген видео тарады. Кадрлардан банкке кірмек болған тұрғындардың есік алдында топтасып, бір-бірін итермелегенін көруге болады, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Видеоны Instagram желісіндегі ipoteka_sunkar парақшасы жариялаған. Жазба сипаттамасында «Отбасы банк» пен «Ұмай» бағдарламасы көрсетілген.
Айта кетейік, бағдарлама аясында Азия даму банкінен бөлінген қаражат есебінен ипотекалық өтінімдер қабылданып, несие рәсімделіп жатыр.
«Отбасы банктің» ресми мәліметінше, 2026 жылғы 3 қарашада жалпы көлемі 20 миллиард теңгені құрайтын екінші транш бойынша өтінім қабылдау басталған. Сағат 11:30-дағы жағдай бойынша банкке 300 өтінім түскен. Өтініштер келіп түсу ретімен қаралады.
Банк өкілдері бағдарламаға деген сұраныстың жоғары болуын оның тиімді шарттарымен түсіндірді. Атап айтқанда, қатысушылар конкурссыз өтінім бере алады, бастапқы жарна төмендетілген мөлшерде белгіленген. Сонымен қатар бастапқы және қайталама нарықтан баспана сатып алуға мүмкіндік бар. Өтініш берушінің атында тұрғын үйдің болуы да міндетті шарт емес.
«Барлық өтінім бағдарлама талаптарына сәйкес стандартты тексеруден өтеді», – деп хабарлады банк.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, өтінімді бірнеше жолмен тапсыруға болады. Атап айтқанда, «Бейнеқызмет көрсету» сервисі арқылы онлайн, банк кеңесшілерінің көмегімен немесе бөлімшеге тікелей бару арқылы рәсімдеуге мүмкіндік бар.
Алайда өтінім қабылдау басталған күні банк сервистеріне түсетін жүктеме күрт артқан. Соның салдарынан кейбір клиенттер кеңес алу және құжат тапсыру кезінде кідірістерге тап болған.
«Қазір банк сервистердің жұмысын тұрақтандыру шараларын қабылдап жатыр. Өтінім қабылдау жалғасуда. Құжаттарды банк бөлімшелері, кеңесшілер және бейнесервис арқылы тапсыруға болады», – делінген хабарламада.
Банк өкілдері бірінші транш бойынша өтінім қабылдау 2026 жылғы 31 тамызда басталғанын да еске салды. Оның көлемі 9 миллиард теңгені құраған.
2026 жылғы 3 қарашадағы мәлімет бойынша, бірінші транш қаражатының 96 пайызы игерілген. Осы уақытқа дейін жалпы сомасы 8,6 миллиард теңге болатын 435 несие берілген.
