Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға арналған «NanoKukirt» атты жаңа препарат әзірледі. Органикалық егіншілікке арналған отандық өнім Ғылым қорының гранттық қаржыландыруы аясында жүзеге асқан жоба нәтижесінде пайда болды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz. 

Фото: NK

Тыңайтқыш қана емес, өсімдікті қорғайтын құрал

«NanoKukirt» сұйық және суспензия түрінде шығарылады. Ғалымдардың айтуынша, препарат экологиялық тұрғыдан қауіпсіз тыңайтқыш ретінде ғана емес, өсімдіктерді саңырауқұлақ ауруларынан қорғайтын тиімді құрал ретінде де ерекшеленеді.

Препарат құрамында өсімдік үшін маңызды элементтердің бірі – күкірттің мөлшері 25 пайызды, ал кальцийдің үлесі 5 пайызды құрайды.

Жоба жетекшісі, профессор Мұхамбетқали Бүркітбаевтың айтуынша, өнім құрамында зиянды химиялық заттардың болмауы оны органикалық егіншілікте қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік береді.

Фото: NK

Жаңа өнім ҚазҰУ-дың агробиостанциясында және Түркістан облысындағы егістік алқаптарында сынақтан өткен.

Зерттеу барысында препарат дәнді дақылдарда, көкөністерде және бұршақ тұқымдас өсімдіктерде тамыр жүйесінің жақсы дамуына ықпал етіп, түйнек түзу үдерісін жеделдеткені анықталған. Сонымен қатар өсімдіктердің азотты тиімді сіңіруіне әсер еткен.

Ғалымдар топырақтың микробиологиялық жағдайын да зерттеп, препаратты қолданудың ең тиімді мөлшерін анықтаған.

Жүгері түсімі үш есеге дейін артқан

ҚазҰУ ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Гүлнар Ұлтанбекованың айтуынша, жүгері тұқымдарын «NanoKukirt» препаратының 2 пайыздық ерітіндісіне 24 сағат бойы жібіту айтарлықтай нәтиже берген.

«Сынақ нәтижесінде жүгері өнімділігі гектарына 20,41 тоннадан 61,22 тоннаға дейін өсті. Яғни түсім көлемі шамамен үш есеге артты. Бұдан бөлек, өсімдіктердің фитопатогенді саңырауқұлақтарға төзімділігі күшейіп, ауруға шалдығу деңгейі төмендеді», – деді ол.

Фото: NK

Бүгінде «NanoKukirt» органикалық ауыл шаруашылығында қолдануға рұқсат беретін ресми сертификат алған. Өнім өндірісі бекітілген стандарттарға сай жолға қойылған.

Қазір жоба аясында 15 ғылыми қызметкер еңбек етеді. Оның алтауы өндірістік цехта тікелей жұмыс істеп, жаңа препаратты шығарумен айналысады.

Share.
Exit mobile version