Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік дәрігерлердің, психологтер мен әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын арттыру жоспарланып отыр. Тиісті үкімет қаулысының жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Құжатта алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының қызметкерлеріне еңбек өтілі мен атқаратын жұмысының ерекшелігіне қарай қосымша ақы төлеу қарастырылған.
Атап айтқанда, учаскелік терапевтерге, педиатрларға, жалпы практика дәрігерлеріне, мейіргерлерге, фельдшерлерге, акушерлерге және басқа да мамандарға үздіксіз жұмыс өтіліне байланысты үстемеақы белгілеу ұсынылған.
Оның мөлшері еңбек өтіліне қарай төмендегідей болады:
- екі жылдан астам жұмыс істегендерге – лауазымдық жалақысының 20 пайызы;
- үш жылдан астам еңбек өтілі барларға – 30 пайызы;
- бес жылдан астам жұмыс істегендерге – 50 пайызы.
Бұдан бөлек, халықты тікелей сүйемелдейтін медициналық емес қызметкерлерге психоэмоциялық және физикалық жүктемесі үшін қосымша ақы төлеу көзделген.
Жобаға сәйкес, психологтерге базалық лауазымдық жалақысының 300 пайызы, ал әлеуметтік қызметкерлерге 200 пайызы мөлшерінде үстемеақы берілуі мүмкін.
Құжаттың түсіндірмесінде бұл шаралар медициналық кадрлардың тұрақтамауын азайтуға, маман тапшылығын қысқартуға және қызметкерлерге түсетін жүктемені жеңілдетуге бағытталғаны айтылған.
Үкімет қаулысының жобасы 7 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауда болады. Қазір бұл бастама әзірге ұсыныс деңгейінде.
