Қазақстанда ғылым саласына бөлінетін қаржы көлемі айтарлықтай артып, ғылыми жобаларды қолдау мен жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында бірқатар өзгеріс жүзеге асырылып жатыр. Соңғы жылдары ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі өсіп, зерттеушілер саны мен ғылыми жобалардың ауқымы кеңейген. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Министрліктің дерегінше, соңғы жеті жылда ғылымды қаржыландыру көлемі 2019 жылғы 9,5 млрд теңгеден 2025 жылы 90,2 млрд теңгеге дейін жеткен. Ал соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 23,7 млрд теңгеден 90,2 млрд теңгеге өскен. Нәтижесінде гранттық қаржыландыру көлемі бірнеше есеге артқан.
Ғылыми жобаларды қолдау бағытында да оң динамика байқалады. Атап айтқанда, гранттық қаржыландыру арқылы жүзеге асырылатын жобалардың саны соңғы жеті жылда үш есеге көбейіп, 3 135-ке жетті. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалатын ішкі шығындар соңғы бес жылда бес есеге, ал жеті жылда алты есеге өскен. 2025 жылы бұл мақсатқа 252,5 млрд теңге бағытталған. Кәсіпкерлік сектордың ғылымға жұмсайтын шығындары да екі есеге артқан.
Ғылым саласындағы кадрлық әлеует те күшейіп келеді. Қазіргі уақытта ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын мамандар мен зерттеушілер саны артып отыр. Олардың арасында әйелдердің үлесі 56 пайызды құрайды.
Министрлік жас ғалымдарды қолдауға да ерекше назар аударылып жатқанын атап өтті. Бүгінде ғылыммен айналысатын жас зерттеушілердің саны 14 323 адамға жеткен. Бұл – ғылыми саладағы мамандардың жалпы санының 20,5 пайызы.
Жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары арқылы пәтерлер беріліп келеді. Соңғы жылдары осы бағытта 805 пәтер жас ғалымдардың игілігіне ұсынылған.
Бұдан бөлек, ғылыми атағы бар мамандардың еңбегін ынталандыру үшін қосымша ай сайынғы төлем енгізілген. Енді «қауымдастырылған профессор» ғылыми атағына ие мамандарға 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал «профессор» атағы бар ғалымдарға 50 АЕК көлемінде үстемеақы төленеді.
Осылайша, ғылымды қаржыландыруды арттыру, ғылыми жобаларды көбейту және жас зерттеушілерге тұрғын үй мен қаржылай қолдау көрсету Қазақстандағы ғылыми әлеуетті дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.
