Тележүргізуші Гүлнәз Әлімгерей отбасындағы қаралы хабарды жеткізіп, жақындарының қайғысына ортақтасып жатқанын айтты. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында 69 жасында өмірден өткен құдағиы Бақытты еске алды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.  

Тележүргізушінің айтуынша, марқұм қысқа уақыт ішінде өзін жақын тартып, ерекше мейірімін көрсеткен жан болған. Ол Бақыт құдағиының ақкөңіл мінезі мен аналық қамқорлығын жылы еске алды.

«Кеше ғана ортамызда жүрген Рүстем құдамыздың анасы, Камила келінімнің әжесі Бақыт құдағиымыздың бұ дүниеден озғаны туралы суық хабарға сенгің келмейді екен… Қысқа уақыт ішінде Нұрділдә екеумізді құда деп емес, өз балаларындай көріп, ақкөңіл мінезімен, ана жүрегінің мейірімі мен кеңдігін сезіндірген алтын құдағиымыз еді», – деп жазды ол.

Сондай-ақ Гүлнәз Әлімгерей марқұмның отбасылық өміріне тоқталып, төрт ұл тәрбиелеп, немере-шөбере сүйген бақытты әже болғанын атап өтті. Келесі жылы Амангелді құдасымен бірге отасқандарына 50 жыл толуы керек болған.

Тележүргізуші жазда Баянауылға барған сапарында Бақыт құдағиының қонақжайлық танытып, өз қолымен тіккен екі жастықты сыйға бергенін де еске алды. Қазір сол жастықтар оның көлігінде сақтаулы.

«Енді осы екі жастық үлкен құдағиымыздан қалған ең қымбат естеліктің біріне айналды. Қолының табы, жүрегінің жылуы қалған аманаттай… Бақұл болыңыз, жақсы адамым! Алла алдыңыздан жарылқасын. Құдаларымыздың әулетіне, барша Баянауыл жұртына қайғырып көңіл айтам!», – деп жазды Гүлнәз Әлімгерей.

Share.
Exit mobile version