Белгілі қазақстандық журналист, ZonaKZ бас редакторы болған Юрий Мизинов 77 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қайғылы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі жеткізді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Юрий Мизинов 1950 жылы 18 қаңтарда Орал қаласында дүниеге келген. Қарағанды политехникалық институтын «инженер-экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын облыстық статистика басқармасы мен жобалау ұйымдарында бастаған.
1991–1992 жылдары «Сары-Арқа» телекомпаниясын басқарды. Кейін «Зебра», «Колесо», «Грач» және «Фаренгейт бойынша 451°» басылымдарының редакцияларына жетекшілік етті.
2000 жылдың қаңтарында Юрий Мизинов Жәнібек Сүлеев және Айгүл Омаровамен бірге «Навигатор» интернет-газетін құрды. Кейін олардың қатарына Гимран Ерғалиев қосылды. 2006 жылдың мамырында басылым ZonaKZ атауымен жұмысын жалғастырды.
«Навигатор» мен ZonaKZ Қазақстандағы қоғамдық-саяси интернет-журналистиканың қалыптасуына елеулі үлес қосты. Басылымдарда жедел жаңалықтармен қатар сұхбаттар, сараптамалық материалдар мен баспасөзге шолулар тұрақты жарияланып отырды.
ZonaKZ 25 жылға жуық жұмыс істегеннен кейін 2025 жылғы 1 ақпанда қызметін тоқтатты. Сол кезде Юрий Мизинов соңғы үндеуінде журналистерге, авторларға, техникалық мамандарға, әріптестеріне және жұбайы Еленаға алғысын білдірген.
Журналистің еңбегі де елеусіз қалған жоқ. 2020 жылы ол азаматтық қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Журналистер одағының алтын медалімен марапатталды. Сонымен қатар Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанып, «Қазақстанның құрметті журналисі» белгісіне ие болды.
