Қазақ жастары түсірген бейнеролик Instagram желісінде 1 миллионнан астам қаралым жинап, Adidas брендінің назарына ілікті, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Жобаның режиссері – Айдана Меди, продюсері – Диана Меди. Шығармашылық топ видеоны бастапқыда Adidas бренді үшін түсірмеген. Олар қазақтың ұлттық нақышын заманауи street style элементтерімен үйлестіріп, роликті өз портфолиосы үшін дайындаған.
Бейнеролик әлеуметтік желіде кеңінен таралғаннан кейін Adidas командасының назарын аударған. Кейін бренд өкілдері қазақстандық авторларға жаңа топтаманың таныстырылымына арналған ресми контент әзірлеуді ұсынған.
Жоба аясында түсірілген бейнероликтер мен фотосуреттер Adidas-тың ресми жаһандық парақшасында жарияланды.
Шығармашылық топ түсірілім жұмыстарын Маңғыстау облысында жүргізген. Атап айтқанда, видео Ақтаудың 22-шағынауданында, Қызылтөбе және Дәулет ауылдарында түсірілген.
