Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың жеке басын анықтау тәртібін өзгерту мәселесі қарастырылып жатыр. Енді оларды сәйкестендіру кезінде фотосуреті мен жеке деректерін пайдалану ұсынылуда,  деп хабарлайды Muztaumedia.kz.   

Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутат Екатерина Смышляева балалардың жеке басын анықтауға қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, туу туралы куәлік баланың дүниеге келгенін растайды. Алайда құжатты ұсынған адамның сол куәлікте көрсетілген бала екенін анықтау мүмкіндігі шектеулі.

Депутат қазіргі уақытта баланың фотосуреті бар құжат ретінде паспорт қолданылатынын, бірақ ата-аналар оны көбіне шетелге шығу үшін ғана рәсімдейтінін атап өтті. Осыған байланысты ол Әділет министрлігінен туу туралы куәлікке қосымша сәйкестендіру мәліметтерін енгізу жоспары бар-жоғын сұрады.

«Қазір бізде баланың фотосуреті бар құжат – паспорт бар. Оны ата-аналар көбіне шетелге шығу үшін рәсімдейді. Әділет министрлігі туу туралы куәлікке баланың жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін қосымша мәліметтер енгізуді жоспарлап отыр ма? Әлде бұл үшін басқа құжат немесе сәйкестендіру тәсілі қолданыла ма?» – деп сұрады депутат.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл мәселені зерделеу үшін арнайы комиссия құрылып жатқанын мәлімдеді.

Министрдің сөзінше, негізгі қиындық балалардың биометриялық деректерін пайдалану және олардың жеке мәліметтерін қорғауға қатысты заң талаптарымен байланысты.

«Негізгі қиындық балалардың биометриялық деректерін пайдалануға және олардың жеке мәліметтерін қорғауға қатысты заң талаптарына байланысты. Қазір баланың жеке басын анықтау үшін оның фотосуреті мен сәйкестендіру деректерін пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр», – деді министр.

Әділет министрлігі қандай түсініктеме берді?

Әділет вице-министрі Айдар Жарылғанов туу туралы куәліктің қандай негізде берілетінін түсіндірді. Оның айтуынша, құжат медициналық мекеме берген анықтама немесе баланың дүниеге келгенін растайтын сот шешімі негізінде рәсімделеді. Бұл ретте баланың жеке басы жеке тексерілмейді, тіпті туу туралы куәлікті алу кезінде оның қатысуы да міндетті емес.

«Қолданыстағы талаптар бойынша туу туралы куәлікке баланың фотосуретін орналастыру қарастырылмаған. Егер баланы медициналық мекемеде суретке түсіру туралы шешім қабылданса, оның сырт келбеті алғашқы жылдары тез өзгеретінін ескеру қажет. Сонымен қатар шешуді қажет ететін техникалық мәселелер де бар», – деді вице-министр.

Әзірге 16 жасқа дейінгі балаларды сәйкестендірудің нақты қандай тәсілі енгізілетіні белгісіз. Бұл мәселе арнайы комиссияда қаралып, тиісті шешім қабылданған кезде балалардың жеке деректерін қорғау талаптары да ескерілмек.

Share.
Exit mobile version