Қазақстанда оң рульді көліктерді такси ретінде пайдалануға тыйым салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz. 

Министрдің айтуынша, Көлік министрлігі Ішкі істер министрлігімен және Yandex пен inDrive сервистерімен бірлесіп, рөлі оң жақта орналасқан шамамен 70 мың көлікті жолаушы тасымалдау қызметінен шығарған.

Сонымен қатар техникалық байқау орталықтарына қойылатын талаптар күшейтілмек. Енді мұндай орталықтар қызметін бастау үшін арнайы рұқсат алуы қажет.

Заңбұзушылық үшін салынатын айыппұл көлемі 30-дан 100 АЕК-ке дейін ұлғайған. Ал техникалық байқауды іс жүзінде өткізбей, құжат жүзінде ғана рәсімдеген орталықтардың жұмысы үш жылға дейін тоқтатылуы мүмкін.

Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының саны 10%-ға, қаза тапқандар 14%-ға, ал жарақат алғандар 11%-ға азайған.

Министр жол апаттарының негізгі себептерінің қатарында жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауын атады. Олардың ішінде жылдамдықты шамадан тыс арттыру, арақашықтықты сақтамау, көлікті басқара алмау және қарсы бағытқа шығу бар.

«Осы факторларды төмендету үшін жолдағы тәртіпті күшейтіп, жүргізушілердің дайындығын бақылауда ұстау қажет», – деді Нұрлан Сауранбаев.

Share.
Exit mobile version