Қазақстанның сыртқы саясаты соңғы жылдары күрделі геосаяси өзгерістер жағдайында жаңа басымдықтармен толықты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік кезеңіндегі сыртқы саясаттың ерекшеліктері қандай және Қазақстанның халықаралық аренадағы бағыты қалай өзгерді? Осы мәселелерге ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты директорының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары пікір білдірді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.  

Сарапшының айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдан бергі президенттік кезеңі Қазақстанның сыртқы саясаты үшін күрделі халықаралық жағдайда өтті. Бұл кезеңге COVID-19 пандемиясы, Ресей мен Украина арасындағы соғыс, ірі державалар арасындағы геосаяси бәсекелестіктің күшеюі және әлемдік сауда мен логистикадағы өзгерістер әсер етті.

Нүркен Айтымбетов осындай жағдайда Қазақстан үшін көршілес мемлекеттермен тұрақты қарым-қатынасты сақтай отырып, ұлттық мүдде мен сыртқы саяси дербестікті қорғау маңызды болғанын атап өтті.

«Бұл бағыт 2020 жылы қабылданған Қазақстанның 2020–2030 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасында да көрініс тапты. Құжатта егемендікті, аумақтық тұтастықты нығайту, көпвекторлы және прагматикалық саясатты жалғастыру негізгі мақсаттардың қатарында көрсетілген», – деді сарапшы.

Оның пікірінше, осы кезеңдегі маңызды бағыттардың бірі – сыртқы саясаттың экономикалық құрамдас бөлігінің күшеюі. Қазақстан шетелдік инвестиция тартуға, экспорттық нарықтарды әртараптандыруға, көлік-логистикалық бағыттарды дамытуға және жаңа экономикалық серіктестермен байланыс орнатуға көбірек көңіл бөлді.

Сарапшы әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағыты, яғни Орта дәліздің дамуына тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағыт Қазақстанның Қытай, Каспий теңізі, Кавказ, Түркия және Еуропаны байланыстыратын транзиттік маршруттардағы рөлін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Нүркен Айтымбетов Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастықтың маңызы артқанын атап өтті. Су ресурстары, энергетика, сауда, көлік және қауіпсіздік мәселелері өңірлік дипломатияның маңызды бағыттарына айналған.

Сарапшының пайымдауынша, 2019 жылдан бері Қазақстанның халықаралық аренадағы бағыты түбегейлі өзгерген жоқ. Керісінше, бұрын қалыптасқан көпвекторлы саясат жаңа геосаяси жағдайға бейімделді.

«Қазақстан өзін Ресей және Қытай сияқты көршілес державалармен стратегиялық байланыстарды сақтай отырып, Еуропалық одақ, АҚШ, Түркия, Орталық Азия мемлекеттері, Азия және Таяу Шығыс елдерімен қарым-қатынасты қатар дамытатын мемлекет ретінде көрсетіп келеді», – деді Нүркен Айтымбетов.

Ол сондай-ақ Тоқаевтың кәсіби дипломатиялық тәжірибесі президент ретіндегі сыртқы саяси бағытына әсер еткен маңызды факторлардың бірі екенін айтты. Мемлекет басшысы бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрі, Премьер-министрі, Сенат төрағасы қызметтерін атқарып, БҰҰ жүйесінде де жоғары лауазымдарда жұмыс істеген.

«Осы тәжірибе оның президент ретіндегі сыртқы саясатында да көрінеді деп айтуға болады. Атап айтқанда, халықаралық мәселелерді диалог, келіссөздер және көпжақты дипломатия арқылы шешуге басымдық беріледі», – деді сарапшы.

Нүркен Айтымбетов Қазақстанның көпвекторлы саясатын жаңа саясаттан гөрі қазіргі геосаяси жағдайға бейімделген жаңа кезең ретінде сипаттады. Оның сөзінше, Ресей мен Батыс арасындағы қайшылықтардың күшеюі, АҚШ пен Қытай арасындағы стратегиялық бәсекелестік және әлемдік сауда жолдарының өзгеруі Қазақстан үшін тепе-теңдік пен прагматизмнің маңызын арттырған.

Сарапшы сабақтастықтың негізгі көрінісі көпвекторлы саясаттың сақталуынан байқалатынын атап өтті. Ал жаңа басымдықтарға экономикалық дипломатияның күшеюі, Орталық Азияға назардың артуы, көлік-логистикалық бағыттарды әртараптандыру және халықаралық құқық пен егемендік мәселесіне басымдық беру жатады.

Нүркен Айтымбетовтың пікірінше, қазіргі кезеңдегі Қазақстанның сыртқы саясатын көпвекторлы және прагматикалық бағыттың сақталуымен қатар, экономикалық дипломатия, өңірлік ынтымақтастық және көлік-логистикалық әртараптандырумен толыққан кезең ретінде сипаттауға болады.

Share.
Exit mobile version