Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова бүгін сот үкімі шыққан актер Нұрсұлтан Жақсыгенді қолдап, оның жазасын жеңілдету керек екенін айтты, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Продюсердің пікірінше, актерге қатысты жаза тым қатаң болуы мүмкін. Ол Жақсыгеннің артында отбасы мен балалары бар екенін айтып, жағдайға түсіністікпен қарауға шақырды.
«Мүмкіндік болса, соншалықты қатыгездік танытпауға да болар ма еді. Ортада бала-шағалары бар шығар. Кісі өлтіріп, қыз зорлап, ұрлық жасаған жоқ. Жеңілдеткені дұрыс-ау. Кімнің басынан не өтпейді, ешқайсыңыздың бала-шағаңыздың басына бермесін», – деп жазды Гүлзира Айдарбекова.
Ол Нұрсұлтан Жақсыген жазасын өтеуі керек екенін мойындағанымен, мерзімді қысқарту мәселесін де қарастыру қажет деп санайды.
«Жазасын алу керек, бірақ кішкене жеңілдетіп, екі жарым жыл емес, бір жыл да жеткілікті ме дегенім ғой. Ол жақтан түзеліп емес, қаны безер болып бұзылып келуі де мүмкін ғой», – деді продюсер.
Гүлзира Айдарбекова актерді жақын танымайтынын, тек сырттай көріп жүргенін атап өтті. Соған қарамастан, оның ата-анасы мен бала-шағасына алаңдайтынын жеткізді.
«Әйтеуір ата-анасы бар, бала-шағасы бар. Ешкім жыламаса дегенім ғой», – деп қорытындылады ол.
