Жазушы Ержан Жаубай кітап оқудың адам дамуына тигізер пайдасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Мемлекет басшысы «Кітап оқитын ұлт» бағдарламасын жариялағалы бері кітап оқу тақырыбы жиі талқыланып келеді. Осы орайда жазушы кітаптың адамның ойлау қабілеті мен білімін дамытудағы маңызына тоқталды.
Оның айтуынша, кітап оқу адамның сөздік қорын байытып, ойын нақты әрі сауатты жеткізуге көмектеседі.
«Кітап оқу адамның сөздік қорын молайтады. Әртүрлі жанрдағы шығармаларды оқыған сайын адам жаңа сөздер мен тілдік құрылымдарды үйренеді. Бұл өз ойын нақты әрі сауатты жеткізуге ықпал етеді», – деді Ержан Жаубай.
Жазушының сөзінше, кітап оқу адамның зейіні мен шыдамдылығын да дамытады. Әсіресе ұзақ мәтіндерді оқу қазіргі қысқа контентке үйренген адам үшін маңызды дағды қалыптастырады.
«Кітап оқығанда адам назарын бір нәрсеге ұзақ уақыт шоғырландырады. Сонымен қатар күрделі тақырыптарды оқып, салыстырып, талдап, өз қорытындысын жасауға үйренеді», – деп атап өтті ол.
Ержан Жаубай көркем әдебиеттің қиял мен шығармашылықты дамытуға, сондай-ақ өзге адамдарды жақсырақ түсінуге ықпал ететінін айтты.
«Көркем шығарманы оқығанда кейіпкерлердің бейнесін, оқиғаларды оқырманның өзі елестетеді. Кейіпкерлердің сезімі мен өмірлік жағдайын түсінуге тырысу адамның басқа адамдарға деген көзқарасына да әсер етеді», – деді жазушы.
Сонымен қатар ол кітап оқымайтын адамның міндетті түрде білімсіз болатынын айту дұрыс емес екенін жеткізді.
«Адам кітап оқымай-ақ көп нәрсе үйрене алады. Ғылыми мақалалар, дәрістер, сапалы курстар да адамның білімін толықтырады. Сондықтан мәселе тек кітап оқуда емес, адамның ақпаратты қалай тұтынатынында», – деді ол.
Оның айтуынша, бір ғана дереккөзге сүйенбей, түрлі ақпаратты салыстырып оқу сыни ойлауды қалыптастырады. Ал сапасыз әрі үстірт контентке ғана әуестену күрделі мәтіндерді түсінуге және белгілі бір тақырыпты терең зерттеуге кедергі келтіруі мүмкін.
«Кітаптың өзі емес, адамның қандай ақпаратты және қалай тұтынатыны маңызды. Кітапты аз оқыса да, ғылыми мақалалар, дәрістер, сапалы курстар арқылы білімін толықтыратын адам интеллектуалдық тұрғыдан дами алады», – деп атап өтті Ержан Жаубай.
Жазушы кітаптың басты артықшылығы дайын ақпарат беруде ғана емес, адамның ұзақ уақыт ойлануына, салыстыруына және мәселені терең түсінуіне мүмкіндік беруінде екенін айтты.
«Қандай кітап оқығыңыз келсе де, талғаммен оқуды үйреніңіз. Себебі талғаммен оқыған кітап сізге әуелі пайда әкелсе, екінші жағынан стрестен құтқарады», – деп түйіндеді ол.
