«Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшыларына қатысты тараған ақпарат қоғамда қызу талқыланып жатыр. Осы жағдайға байланысты саясаттанушы Жанат Момынқұлов пікір білдіріп, күдікке ілінген азаматтардың білімі мен мансабына, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесіндегі жауапкершілік мәселесіне тоқталды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды,  деп хабарлайды Muztaumedia.kz.

Саясаттанушының сөзінше, күдікке ілінген азаматтардың екеуі де Ресейдегі беделді жоғары оқу орындарын тәмамдаған. Атап айтқанда, олар МГИМО және МФТИ университеттерінде білім алған. Бұған қоса, мемлекеттік басқару жүйесінде жоғары лауазымдарға дейін көтеріліп, Президент сенім артқан кадрлар қатарында болған.

«Осындай әп-әдемі, жап-жас, білімді жігіттердің күдікке ілінгені өкінішті.

Екеуі де МГИМО, МФТИ сияқты Ресейдің беделді университеттерін тәмамдаған. Мансаптары да сұмдық, ракета сияқты биікке ұшқан. Президент сенім артқан, мемлекеттік басқарудың жоғары деңгейіне көтерілген жастар.

Енді не болды? Не үшін күдікке ілінді? Істің артында қандай мүдделер жатыр? Егер парақорлық туралы күдік расталса, оған кімдер қатысқан? Әзірге сұрақ көп», – деп жазды Жанат Момынқұлов.

Оның пікірінше, бұл жағдайға қатысты әзірге асығыс қорытынды жасауға болмайды. Саяси интригалар туралы дәлелсіз болжам таратып, күдікке ілінген азаматтардың құқығын бұзбау маңызды. Өйткені олардың кінәлі немесе кінәсіз екенін тергеу мен сот анықтауы тиіс.

«Әлбетте, байқап сөйлеген жөн. Саяси интригалар туралы дәлелсіз долбар жасап, екі азаматтың да құқығына қол сұқпауымыз керек. Кінәлі не кінәсіз екенін тергеу мен сот анықтайды.

Бірақ айыптар дәлелденсе, бұл мемлекеттік басқару жүйесі мен квазимемлекеттік ұлттық компаниялар үшін үлкен сигнал болмақ», – дейді саясаттанушы.

Сондай-ақ ол «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ел экономикасындағы орнына назар аударды. Оның айтуынша, бұл ұйымдар мемлекет активтері мен қомақты қаржыны басқаратын ірі құрылымдар болғандықтан, олардың жұмысына қатысты ашықтық пен қоғамдық бақылау мәселесі ерекше маңызды.

«Самұрық-Қазына мен Қазақстан темір жолы дегеніміз — мемлекет ішіндегі мемлекет іспетті алып құрылымдар. Олардың қарамағындағы активтер мен қаржы көлемі орасан. Сондықтан мұндай ұйымдардағы басқару сапасы, қаржының жұмсалуы, кадрлық тағайындаулар мен қоғамдық бақылау мәселелері ерекше маңызды.

Нұрлан Жақұповтың Президент қатысқан ресми кездесулер мен шетелдік сапарларда көрінуі оның жоғары деңгейдегі басқару жүйесінде маңызды орын алғанын көрсететіндей еді. Кейін Президент тарапынан сын да айтылды. Бірақ мұның қазіргі жағдайға қатысы бар-жоғын білмейміз. Уақыт көрсетер», – деп жазды ол.

Саясаттанушыны бұл оқиғада мемлекеттік қызметке келген жас технократтардың жауапкершілігі де ойландырады. Оның сөзінше, шетелдің беделді университеттерінде білім алған, бірнеше тіл білетін және халықаралық тәжірибесі бар мамандарға қоғам үлкен үміт артады. Алайда жоғары білім мен кәсіби жетістік адамның адалдығына кепіл бола алмайды.

«Мені бұл жерде бір мәселе көбірек ойландырады. Шетелдің мықты университеттерінде оқыған, бірнеше тіл білетін, халықаралық тәжірибесі бар жас технократтардың мемлекеттік қызметке келуін қоғам жақсы қабылдайды. Оларға үлкен үміт артылады.

Бірақ жақсы диплом, мықты интеллект пен жарқын мансап адамның адалдығына автоматты түрде кепіл бола алмайды. Мемлекеттік қызметте біліммен қатар ар-ұят, жауапкершілік, принципшілдік те керек.

Егер күдік расталса, бұл жеке адамдардың ғана емес, оларды іріктеген, қызметін бақылаған және жоғары лауазымдарға көтерген жүйенің де тиімділігі туралы сұрақ туғызады.

Ал егер кінәсіз болып шықса, олардың абыройы мен құқығы толық қорғалуы тиіс», – деді саясаттанушы.

Жазбасының соңында Жанат Момынқұлов жастарға жемқорлық пен парақорлықтан аулақ болуға кеңес берді. Ол биік мансапқа жетудің өзі үлкен еңбек пен уақытты талап ететінін, ал заңсыз әрекеттер салдарынан оған бір сәтте айырылып қалу оңай екенін атап өтті.

«Қалай болғанда да, жастарға айтарым: жемқорлықтан, парақорлықтан аулақ болған жөн. Биік мансапқа жету қиын, ал одан бір күнде айырылу оп-оңай.

Арам ақша орға жығады. Сіңбейді, түбінде бір жеріңнен шығады», – деп түйіндеді Жанат Момынқұлов.

Share.
Exit mobile version