Алматыда Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды қорлап, әлеуметтік желіде балағат сөздер жазған Виолетта Паршина іздеуге жарияланды. 52 жастағы әйелге ұлтаралық араздықты қоздырды деген күдік келтіріліп отыр, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Іздеу туралы мәлімет 10 қарашада тіркелген. Қазір әйелді Алматы қаласы Бостандық ауданының полиция басқармасы іздестіріп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, ол тергеуден бой тасалаған.
Еске салайық, дау биыл сәуір айында басталған. Сол кезде Threads желісінде Виолетта Паршинаның Желтоқсан оқиғасына қатысушылар туралы жазған пікірлері тарады.
Ол көтеріліске қатысқандарды «маскүнем, ақымақ, ауылдың мәңгүрттері» деп атап, өзге де қорлайтын сөздер жазған. Сондай-ақ желі қолданушылары оның қазақ халқына қатысты кемсітетін пікірлерін анықтаған.
Бұл жазбалар қоғамның наразылығын тудырды. Қазақстандықтар әйелді Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша жауапқа тартуды талап етіп, құқық қорғау органдарына шағымданды.
Кейін полиция оның жеке басын анықтап, бөлімшеге жеткізген. Алайда жанжалдан соң әйел жарнама агенттігіндегі жұмысынан да айырылды. Компания оның пікірлерімен келіспейтінін мәлімдеп, еңбек қатынасын тоқтатқан.
Осы оқиғадан кейін Виолетта Паршинаға қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған бапта жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қазір әйел ресми түрде іздеуде. Оның жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтардан Алматы қаласы Бостандық ауданының полиция басқармасына хабарлау сұралады.
