Баян Алагөзова әлеуметтік желідегі діни фанатизм тақырыбындағы жазбасынан кейін қоғамда туындаған қызу талқылауға байланысты түсініктеме берді. Ол сөздері байқаусызда сенушілердің сезіміне тиген болса, кешірім сұрайтынын жеткізді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Продюсер өзінің кез келген адамға және оның сеніміне құрметпен қарайтынын, бірақ бұл сенім өзгеге зиян тигізбеуі тиіс екенін баса айтты.
Баян Алагөзова өзіне «дінге сенетіндердің сезімін қорлады» деп айып таққандарға жауап беріп, өз ұстанымын ашық түрде түсіндірді:
«Мен радикалы мен фанатикалық пропагандаға қарсымын, діннің өзіне емес. Қыздарды 9 жасынан тұрмысқа бергенін, білім алуына немесе медициналық көмек алуына тыйым салынғанын қалайсыздар ма? «Шайтанның ықпалынан сақтау» деген сылтаумен ұрып-соғуды қалайсыздар ма? Әйелді алып, бірақ оған жауапкершілік алмауды, «талақ» деп үш рет айтып оңай тастап кетуді қалайсыздар ма? Қызыңыз немесе қарындасыңыз жеке тұлға емес, біреудің қосымшасы болғанын қалайсыздар ма? Мен осыған үзілді-кесілді қарсымын!» – деп жазды ол.
Продюсер өз сөзінде ұлттық құндылықтар мен бабалар жолын барлығынан жоғары қоятынын атап өтті.
Алагөзованың айтуынша, ол әрдайым ұлттық мәдени кодты, ата-баба дәстүрін және зайырлылықты қолдайды әрі бұл ұстанымынан тайған емес.


