Бұған дейін билікті ашық сынап келген Мәжілістің бұрынғы депутаты, қазіргі Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Ермұрат Бапи оппозициялық ұстанымынан не себепті бас тартқанын түсіндірді. Ол енді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын қолдайтынын айтты, деп хабарлайды Muztaumedia.kz .
NEGE басылымының Decaf. подкастына берген сұхбатында Ермұрат Бапи 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін саяси көзқарасын қайта қарастырғанын жеткізді. Оның айтуынша, оппозицияның билікпен 30 жылға жуық текетіресі айтарлықтай өзгерістерге алып келмеген.
Қаңтар оқиғасынан кейін Бапи серіктестерімен бірге «Біздің таңдау» партиясын құруды жоспарлаған. Алайда кейін ол өзгерістерге билікпен күресу арқылы емес, жүйенің ішінде жұмыс істеу арқылы қол жеткізу керек деген шешімге келген. Осылайша, сайлауға қатысып, депутат атанды.
Сұхбат барысында одан бұрынғы саяси серіктестері сатқын деп санамай ма деген сұрақ қойылды. Бапи бұл сауалға былай деп жауап берді:
«Сатқын болу үшін мен біреуге ант беруім керек еді. Бірақ мен ешкімге ант берген жоқпын. Сондықтан ешкімнің мені сатқын деп атауға құқығы жоқ».


