Оралда үйлену тойы кезінде «тентек кәде» рәсімі жанжалға ұласқан сәт түсірілген видеоәлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбадағы жағдайға қарағанда, той үстіндегі әзіл бір сәтте шынайы қақтығысқа айналған. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сәйкес, жанжалдан кейін қатысушылардың бірі медициналық көмекке жүгінген. Полиция той үстінде өзгеге қол жұмсаған құданың үстінен қылмыстық іс қозғады, деп жазады Muztaumedia.kz.
Алдын ала айтылған мәліметтерде оның бірнеше тісі сынып, қабырғалары зақымданған. «Тентек кәде» — Батыс Қазақстанда сақталған қызықты салттардың бірі. Оның негізінде екіжақтың туыстарының әзілдесуі, бір-біріне түрлі тапсырмалар беруі, жол бөгеп, кәде сұрауы немесе күйеу жігіт жақты түрлі ойынға тартуы жатыр. Яғни бастапқы мақсаты — адамды кемсіту емес, керісінше екі әулетті жақындастыру, ортақ қуанышқалыптастыру.
Алайда қазіргі той мәдениетінде дәстүрдің кейбір элементтері ойын-сауыққа көбірек айналып бара жатқанын байқауға болады. Әзіл күшейген сайын оның шекарасы да бұлыңғырланады. Бір адам үшін күлкілі көрінген әрекет екінші адамға намысқа тиетін нәрсе болуы мүмкін. Ал көпшіліктің алдында адамның абыройына тиетін әзіл эмоцияны одан әрі ушықтыруы ықтимал. Оралдағы жағдайды да осы тұрғыдан қарастыруға болады.
Егер әлеуметтік желіде тараған видеодағы жағдай расында «тентек кәде» кезіндегі әзілден басталған болса, онда бұл дәстүрдің өзіне емес, оны орындау мәдениетіне қатысты мәселе. Өйткені дәстүрдің басты мақсаты— тойды бұзу емес, тойдың қызығын арттыру. Осы жағдайға қатысты асаба Рамазан Асхат «тентек кәде» дәстүріне біржақты баға беруге болмайтынын айтады.
«Негізі тойда төбелестің болып қалатыны жасырын емес. Оның үстіне мұндай жағдай тек ішімдік ішілген тойларда ғана емес, шарапсыз өткен жиындарда да кездесіп жатады. Сондықтан мәселені бір ғана дәстүрмен байланыстыру дұрыс емес. Бұл жерде құда болып барған адам Батыс Қазақстанда «тентек кәде» деген салттың бар екенін алдын ала біліп, соған дайын болуы керек еді. Ең бастысы — дәстүрдің шартына көну, үлкендердің салтын сақтау. Сондықтан “Оралдағы соңғы тентек кәде” деген пікірмен келіспеймін. Бұл — бұрыннан келе жатқан дәстүр. Ол әлі де жалғаса береді. Қазір әлеуметтік желіде осы салтты сынап жатқандар бар. Меніңше, оған да біржақты қарауға болмайды. Біз басқа өңірлердің салт-дәстүрін сынамаймыз, керісінше сыйлаймыз. Сол сияқты әр аймақтың өзіне тән дәстүріне де құрметпен қарауымыз керек», — дейді асаба.
Қазақстанның әр өңірінде үйлену салтының өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, Батыс Қазақстанда, соның ішінде Орал өңірінде, оңтүстік облыстардағыдай қалың малға басымдық беру дәстүрі кең тарамаған. Оның орнына қыздың жасауы маңызды орын алады. Қыз ұзатқанда оның жасауын дайындау — отбасы үшін үлкен жауапкершілік әрі ежелден келе жатқан дәстүр. Оралдағы тойдың тағы бір ерекшелігі — ұзатумен үйлену тойының өткізілу форматы. Кей отбасыларда ұзату мен негізгі той бір-бірінен қатты бөлінбей, біртұтас мерекелік форматқа жақын өтеді. Бұл да өңірлік ерекшеліктің бірі.
Бірақ әзілдің адамның намысына тимеуі, физикалық күш қолдануға жеткізбеуі және барлық қатысушының келісімі болуы маңызды.
Той — адамның күшін немесе ашуын көрсететін орын емес. Той — қуаныштың, сыйластықтың, ағайынның бас қосатын жері. Әлеуметтік желіде тараған Оралдағы видео осы қарапайым қағиданы тағы бір еске салды: дәстүрдің аты бар екен деп, оның аясындағы кез келген әрекетті ақтауға болмайды. Әзілдің де шегі, кәденің де мәдениеті болуы керек.
