Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыруға белсенді атсалысуы керектігін мәлімдеді. Мемлекет басшысы фермерлерге кредитті ұзақ мерзімге және қолайлы шарттармен беру қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Президенттің айтуынша, қарызды өтеу кестесін жасағанда ауыл шаруашылығындағы нақты өндірістік цикл ескерілуі керек. Сондай-ақ инвестициялық кезеңде негізгі берешекті төлеуді кейінге шегеру мүмкіндігі қарастырылғаны жөн.
Мемлекет басшысы қазіргі кезде фермерлердің кредиттің алғашқы төлемін өтеу үшін егін жинағаннан кейін өнімін арзан бағаға сатуға мәжбүр болатынын айтты. Оның пікірінше, мұндай жағдайға жол беруге болмайды.
«Фермерлер кредиттің алғашқы төлемін жабу үшін егінін жинап бола сала, өнімін арзан бағаға сатып жіберуге мәжбүр. Бұған жол беруге болмайды. Үкімет пен министрлік осы мәселені шешуге кірісуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұл мәселені Үкімет пен тиісті министрлікке нақты тапсырма ретінде қабылдауды ескертті. Сонымен қатар елдегі табыс деңгейі мен қаржы көздеріне қолжетімділік арасында үлкен алшақтық болмауы керектігін айтты.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп жатқанын да атап өтті. Сондықтан шаруаларға көрсетілетін қолдаудың тиімді пайдаланылуы маңызды екенін жеткізді.
«Шаруалар да мемлекетіміз көптеген, соның ішінде көрші елдермен салыстырғанда ауыл шаруашылығы саласына орасан зор қаржы құйып жатқанын түсінуге тиіс. Мұнда масылдыққа орын жоқ. Яғни бөлінген қаражат мақсатқа сай тиімді жұмсалуы керек», – деді Президент.
