№4 сайлау округі бойынша Алатау қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат Роза Алтынбекқызы Мұсабаева сайлауалды бағдарламасында қала тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді шешуге басымдық беріп отыр,  деп хабарлайды Muztaumedia.kz.   

1971 жылы 21 шілдеде дүниеге келген Роза Мұсабаева – Алатау қаласының тұрғыны. Ол мәслихат депутаттығына кандидат ретінде жергілікті халықтың талап-тілегін ескеріп, қаланың әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына үлес қосуды мақсат етеді.

Кандидаттың айтуынша, мәслихатқа барудағы негізгі мақсаты – белгілі бір лауазымға қол жеткізу емес, тұрғындарды толғандырған мәселелердің шешілуіне ықпал ету. Оның пайымынша, қала дамуы ең алдымен әрбір ауланың жағдайынан, көшелердің сапасынан, қауіпсіздік пен әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігінен көрінуі тиіс.

«Алатау – өмір сүруге жайлы, дамуға ашық қала!» деген ұранды таңдаған Роза Мұсабаева өз бағдарламасын бес негізгі бағытқа негіздеген.

Бірінші бағыт – абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту.

Кандидат №4 сайлау округіндегі жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеу, көшелерді толыққанды жарықтандыру мәселелерін көтеруді көздейді. Сонымен қатар тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында аулаларға балалар алаңдарын, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату, көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге басымдық бермек.

Су, жылу, электр энергиясы және кәріз жүйесіне қатысты түйткілдерді тұрақты бақылауда ұстап, олардың уақытылы шешілуіне ықпал ету де бағдарламадағы маңызды міндеттердің бірі.

Екінші бағыт – қоғамдық және жол қауіпсіздігі.

Роза Мұсабаева көшелерге бейнебақылау камераларын орнату және учаскелік полиция инспекторларының жұмысын күшейту қажеттігін атап өтеді. Сондай-ақ мектептер мен балабақшалардың маңында қауіпсіз жаяу жүргіншілер өткелдерін ұйымдастыру, жылдамдықты шектейтін құрылғылар орнату арқылы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салмақ.

Үшінші бағыт – білім беру мен денсаулық сақтау саласы.

Кандидаттың назарында мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығы мәселесі тұр. Осыған байланысты жаңа білім беру нысандарының құрылысын қолдап, балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасауға ықпал етуді жоспарлайды.

Бұдан бөлек, емханалардың жұмыс сапасын арттыру, медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және тұрғындардың дәрігер көмегіне уақытылы жүгінуіне мүмкіндік жасау мәселелерін де көтермек.

Төртінші бағыт – отбасы мен әлеуметтік қолдау.

Роза Мұсабаева көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілуіне ықпал етуді маңызды міндет санайды.

Сонымен қатар жастардың жұмыспен қамтылуына, кәсіп бастауына қолдау көрсету, спорт секциялары мен мәдени үйірмелердің дамуына жағдай жасау бастамаларын алға тартпақ. Бұл бағыт қала тұрғындарының әлеуметтік белсенділігін арттырып, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Бесінші бағыт – ашықтық пен есептілік.

Кандидат сайланған жағдайда тұрғындармен байланысты тұрақты жұмыс қағидатына негіздеуді көздейді. Атап айтқанда, әр тоқсан сайын халықпен кездесіп, атқарылған жұмыстар туралы ашық есеп беруді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ бюджет қаражатының қандай мақсаттарға жұмсалып жатқанын тұрғындарға түсінікті тілде жеткізуге және әрбір азаматтың өтінішін жеке қарауға басымдық бермек.

Роза Мұсабаеваның пікірінше, жергілікті өкілді органның жұмысы халықпен тұрақты байланыс орнатудан және тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге нақты атсалысудан басталады.

«Мен уәде бермеймін – мен жауапкершілік аламын! Сіздің дауысыңыз – Алатаудың болашағы үшін!» – дейді №4 сайлау округі бойынша кандидат.

Роза Мұсабаеваның сайлауалды бағдарламасының негізгі өзегі – инфрақұрылымы дамыған, қауіпсіздігі қамтамасыз етілген, әлеуметтік қызметтері қолжетімді әрі тұрғындардың пікірі ескерілетін қала қалыптастыру.

Дайындаған: Мұсабаева Р.
Тапсырыс беруші: Алматы облысы Алатау қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат Мұсабаева Р.
Республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді

Share.
Exit mobile version