Қытайда тұратын қазақ жастары жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, ұлттық мәдениет пен заманауи технологияны ұштастырған «Сахараның соңғы шырағы» атты қысқаметражды анимациялық фильм түсірді. Ұзақтығы 8 минут 37 секунд болатын туынды Астанада өтетін алғашқы AI кинофестиваліне қатыспақ, деп хабарлайды Muztaumedia.kz ақпарат агенттігі.

Жобаның жалпы продюсері, режиссері әрі сценарисі – Айбын Әубәкір. Фильм Қытайдағы қазақ жастарының AI-технологиялық тобымен бірлесіп жасалған. Жобаға техникалық қолдауды Hainan Sana Intelligent Technology Co., Ltd. компаниясы көрсеткен.

Айбын Әубәкірдің айтуынша, бұл фильмді жасау барысында шығармашылық топ жасанды интеллектіні негізгі автордың орнына қоятын технология емес, адамның шығармашылық идеясын жүзеге асыруға көмектесетін құрал ретінде пайдаланған.

«Мен бұл фильмде сценарист, режиссер және продюсер болдым. Қытайдың қазақ AI технологиялық тобын басқарып, бірге еңбек етіп жасадық. Технологиялық қолдауды Hainan Sana Intelligent Technology Co., Ltd. көрсетті. Жеке тұлға ретінде жарысқа қатысамын», – дейді фильм авторы.

Жасанды интеллект пен ұлттық мәдениет тоғысқан жоба

«Сахараның соңғы шырағы» – 21:9 форматында жасалған 3D анимациялық қысқаметражды фильм. Туынды қазақ халқының дәстүрі мен мәдени мұрасына негізделген. Фильм оқиғасы бір кездері жарыққа толы кең даланың кенеттен қараңғылыққа батуынан басталады. Сюжет бойынша қарт адам ежелгі өркениеттің іздері бейнеленген көне қола шамды төрт жас жануарға – түйе, ат, бұзау және қозыға тапсырады. Оларға шамды даланың ең шетіне жеткізу міндеті жүктеледі.

Алайда бұл шамды кәдімгі отпен жағу мүмкін емес. Оның жарығы тек тірі жандар арасындағы мейірімділік, жомарттық, жанашырлық және өзара қамқорлық арқылы оянады. Төрт кейіпкер ұзақ түнде қауіпті сапарға шығады. Жол бойындағы әрбір қайырымды іс пен жасаған жақсылығы шамда қашалған көне өрнектерді біртіндеп жандандырады. Бірақ шамның жарығы бірден жанбайды.

Осы кезде фильмде жасанды интеллектінің символдық бейнесі – Қара айна ЖИ пайда болады. Ол тіршілік иелеріне қиындық пен азаптан ада виртуалды әлемді көрсетіп, жарықты тек есептеу қуаты арқылы жасауға тырысады. Алайда жасанды жолмен жасалған жарық ұзаққа бармайды. Оның күйреуі даланы бұрынғыдан да қою қараңғылыққа батырады.

Фильмнің негізгі идеясы да осы тұста ашылады. Соңында тірі жандар арасындағы шынайы мейірімділік көне шамды оятып, далаға жылы әрі табиғи жарық қайта оралады.

Авторлар туынды арқылы жасанды интеллектінің мүмкіндігімен қатар, оның шекарасын да көрсетуге тырысқан. Яғни технология адамға жаңа мүмкіндіктер ашып, «жарық» жасауға көмектесе алады. Бірақ адамның орнына өмірлік таңдау жасап, оның мейірімі мен жауапкершілігін толық алмастыра алмайды.

«ЖИ адам шығармашылығын алмастырмауы керек»

Айбын Әубәкір соңғы жылдары жасанды интеллектінің қарқынды дамып келе жатқанын айтады. Ол Қытайда AI бағытында компания құрып, осы салада жұмыс істеп жүргенін атап өтті.

«59 жастамын, Қазақстан азаматымын, қытай тілін жақсы білемін. Соңғы жылдары жасанды интеллект жылдам дамып келеді. Мен Қытайда “Хайнань Сана интеллект технологиялар” компаниясын құрып, жасанды интеллект саласында жұмыс істеймін», – дейді ол.

Оның айтуынша, Қытайдағы қазақ техник мамандарымен бірге «Сана интеллект бағдарламасы» және қазақ тілді навигация бағытындағы жобалар әзірленген.

«Жасанды интеллект арқылы қазақ бауырларымызға жақсы қызмет көрсетуге үміттенемін», – дейді Айбын Әубәкір.

Ол Қытайдың есептеу қуатының жоғары әрі технологияларды қолдану шығыны салыстырмалы түрде төмен екенін де атап өтті. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, түрлі ресурстарды біріктіріп, қазіргі өнімдерді жетілдірумен қатар, Орталық Азия нарығына шығуды көздеп отырғанын жеткізді.

«Өзіміз әзірлеген көптеген AI бағдарламаларын Қазақстанға шығарып, сол жердегі жасанды интеллект саласының дамуына үлес қосуға үміттенемін», – дейді ол.

Фильм адам мен технологияның байланысын көрсетеді

«Сахараның соңғы шырағының» өндірісінде адам басқарған шығармашылық жұмыс пен AI құралдары қатар қолданылған. Сценарий әзірлеу, кейіпкерлердің дизайны және сюжеттік тақтаны жоспарлау шығармашылық топтың тікелей қатысуымен жасалған. Ал көріністерді жасау, дауыс клондау, көптілді диалогтарды аудару және қосымша рендеринг жұмыстарына Higgsfield, Nano Banana және Seedance 2.0 секілді жасанды интеллект құралдары пайдаланылған.

Фильм авторларының басты ұстанымы – ЖИ-ді жұмыстың авторы емес, шығармашылыққа көмектесетін технология ретінде пайдалану. Туындының негізгі сюжеті, кейіпкерлердің сезімі, мәдени мазмұны мен шығармашылық шешімдері адам авторлардың бақылауында болған.

Көркемдік шешімдерден қазақтың дәстүрлі киіз үй әшекейлері, ұлттық ою-өрнектер мен халық ертегілерінің элементтерін көруге болады. Фильмнің көркемдік жетекшісі – Бақбол Жеңсханұлы. Анимация суретшілері қатарында Бақбол Жеңсханұлы мен Жалын Жайдарұлы бар. Қолданбалы-қолөнер дизайнына Бақбол Жеңсханұлы, Жалын Жайдарұлы, Қасыйет Адалбекұлы және Асылбек Жұнысбекұлы атсалысқан. Музыка мен дыбыс дизайнын Кенжебай Сәулетбекұлы әзірлеген.

Ал фильмнің AI-өндірістік техникалық жұмыстарын Қытайдағы қазақ жастарының командасы жүзеге асырған.

Қазақ жастарының цифрлық кеңістіктегі жаңа қадамы

Айбын Әубәкір үшін «Сахараның соңғы шырағы» – жай ғана анимациялық фильм емес. Бұл – жасанды интеллект пен ұлттық мәдениетті байланыстырып, қазақ жастарының жаңа технологиялар саласындағы әлеуетін көрсетуге бағытталған жоба.

«Мен жасанды интеллект пен ұлттық мәдениетті біріктіріп, қазақ халқының цифрлық дамуы мен Орталық Азияның цифрлық саласындағы өзара ынтымақтастыққа өз үлесімді қосуды жалғастыруға үміттенемін», – дейді ол.

Осы тұрғыдан алғанда, Қытайдағы қазақ жастары жасаған фильмнің Астанадағы алғашқы AI кинофестиваліне қатысуы – шығармашылық жоба ғана емес, жаңа технологияны ұлттық мазмұнмен ұштастырудың бір үлгісі.

«Сахараның соңғы шырағы» арқылы авторлар бір қарапайым ойды жеткізеді: технология қаншалықты дамығанымен, адам бойындағы мейірім, жанашырлық пен жауапкершіліктің орнын толық баса алмайды. Ал жасанды интеллект сол адамдық құндылықтарды жаңа форматта жеткізудің қуатты құралына айнала алады.

The Last Lamp of the Grassland #specialforaaiff #SpecialForAAIFF
https://youtu.be/Bu3XNXyU4Q4

Share.
Exit mobile version