«Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталуы Қазақстанның ірі мемлекеттік активтерін корпоративтік басқарудың тиімділігіне қатысты маңызды мәселені күн тәртібіне шығарғаны туралы QazExpertClub сарапшысы, қаржыгер, EconomiQ Telegram-арнасының авторы Венера Жаналина пікір білдірді,  деп хабарлайды Muztaumedia.kz.  

Қылмыстық істің мән-жайы әзірге жарияланған жоқ, ал ұсталған тұлғалардың кінәсі сот арқылы дәлелденген жоқ. Алайда тергеу нәтижесіне қарамастан, қордағы корпоративтік басқарудың тиімділігі жеке бағалауды қажет етеді. Әсіресе бұған дейін анықталған жүйелі кемшіліктерді ескеру маңызды.

Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы қарашада жарияланған аудит нәтижелеріне сәйкес, қордың директорлар кеңесі жанындағы бес комитеттің үшеуі жұмыс істемеген, ал басқарма жанындағы жеті комитеттің екеуі 2024 жылдан бері қызмет атқармаған.

Сонымен қатар аудиторлар 351,8 млн теңге көлеміндегі қаржылық бұзушылықтарды, 122,2 млрд теңге сомасындағы қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану фактілерін, сондай-ақ 119 жүйелі кемшілікті анықтаған. Бұл нәтижелерді қазіргі қылмыстық тергеумен тікелей байланыстыруға болмайды. Дегенмен олар мемлекеттік активтерді басқару жүйесінде проблемалар бар екенін көрсетеді.

Мұндағы негізгі мәселе – мемлекеттік аудиттен кейін қандай шаралар қабылданды, анықталған кемшіліктерді жоюға нақты кім жауапты болды және директорлар кеңесі берілген ұсынымдардың орындалуын қаншалықты тиімді қадағалады?

Корпоративтік басқару жүйесінде директорлар кеңесі стратегиялық басшылықты жүзеге асырып, атқарушы органның қызметін, тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін қадағалайды. Бұл ретте тәуелсіз директорларға ерекше рөл жүктеледі. Олар басқарушылық шешімдердің объективті бағалануын қамтамасыз етіп, мүдделер қақтығысы тәуекелдерін азайтуға тиіс.

Алайда тәуелсіз директорлар мен мамандандырылған комитеттердің болуы өздігінен тиімді бақылауға кепілдік бермейді. Олардың нақты өкілеттіктері, ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі және қабылданатын шешімдерге ықпал ету қабілеті шешуші мәнге ие.

«Самұрық-Қазына» жағдайында басқару құрылымының ерекшелігін ескеру қажет: қордың жалғыз акционері – Қазақстан Үкіметі, ал директорлар кеңесін Премьер-министр басқарады. Сондықтан мемлекеттің меншік иесі ретіндегі, директорлар кеңесінің және атқарушы басшылықтың өкілеттіктерін нақты ажырату, сондай-ақ бақылау функцияларының іс жүзіндегі тәуелсіздігін қамтамасыз ету ерекше маңызға ие.

Бұл жағдайдан ұлттық және жеке компаниялар қандай сабақ ала алады?

Біріншіден, корпоративтік басқару атқарушы басшылықтың қызметіне нақты бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Директорлар кеңесі мен мамандандырылған комитеттердің болуы өздігінен тиімді қадағалауға кепілдік бермейді. Олардың елеулі тәуекелдерді қаншалықты дер кезінде анықтайтыны, заңбұзушылықтарға қалай әрекет ететіні және қажетті шаралардың қабылдануын қаншалықты қамтамасыз ететіні маңызды.

Екіншіден, ішкі аудит және комплаенс қызметтері жеткілікті дәрежеде тәуелсіз болуы керек. Олар елеулі заңбұзушылықтар туралы, соның ішінде жоғары басшылықтың шешімдеріне қатысты жағдайларда да, директорлар кеңесіне тікелей ақпарат бере алуы тиіс. Сондай-ақ ірі операцияларды, әсіресе сатып алулар мен инвестициялар саласында, бастамалау, келісу, бекіту және тексеру өкілеттіктерін нақты ажырату маңызды.

Үшіншіден, анықталған бұзушылықтарды жоюға жүйелі бақылау орнату қажет. Ол үшін нақты өлшенетін көрсеткіштерді пайдалануға болады. Мысалы, жою мерзімі өтіп кеткен жоғары тәуекелді ескертулердің үлесі, елеулі бұзушылықтарға әрекет ету мерзімі және олардың қайта анықталу жиілігі. Егер бірдей кемшіліктер бірнеше жыл бойы сақталса, тек атқарушы басшылықтың әрекеттерін ғана емес, директорлар кеңесі тарапынан жүргізілген қадағалаудың тиімділігін де бағалау қажет.

Төртіншіден, компаниялар жекелеген басшыларға тәуелділікті азайтуы тиіс. Өкілеттіктерді нақты бөлу, басшыларды уақытша алмастыру тәртібі және басқарудағы сабақтастық күтпеген кадрлық өзгерістер кезінде операциялық және қаржылық тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Бесіншіден, корпоративтік басқару капиталды тиімді пайдалануға ықпал етуі керек. Директорлар кеңесі белгіленген рәсімдердің сақталуын ғана емес, стратегиялық және инвестициялық шешімдердің экономикалық нәтижелілігін де бақылауы тиіс. Атап айтқанда, бюджеттердің орындалуы, жобалардың іске асырылу мерзімдері, жоспарланған кірістілікке қол жеткізу және меншік иелері үшін құн қалыптастыру мәселелері назарда болуы қажет.

Бұл ретте құқықбұзушылықтардың алдын алу мен экономикалық тиімділікті қамтамасыз етудің аражігін ажырату маңызды. Ішкі рәсімдердің сақталуы инвестициялық шешімдердің сапалы болатынына кепілдік бермейді. Сол сияқты жоғары қаржылық нәтижелер де сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоқ екенін білдірмейді.

Корпоративтік басқарудағы кемшіліктер ұлттық компаниялар үшін мемлекеттік активтерді тиімсіз пайдалану тәуекелдерін тудырады. Ал жеке бизнес үшін бұл қаржылық шығындарға, инвестициялық тартымдылықтың төмендеуіне және қаржыландыру құнының қымбаттауына әкелуі мүмкін.

Сондықтан қазіргі жағдайға байланысты қабылданатын шаралар тек кадрлық өзгерістермен шектелмеуі тиіс.

«Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің, оның комитеттерінің, ішкі аудит және комплаенс қызметтерінің тиімділігін, сондай-ақ Жоғары аудиторлық палата ұсынымдарының орындалуын бағалау қажет.

Бұл жағдайдан шығатын басты сабақ – корпоративтік басқарудың сапасы комитеттер мен регламенттердің санымен емес, жүйенің басшылық әрекеттерін бақылау, тәуекелдерді дер кезінде анықтап, жою және меншік иелерінің капиталын қорғау қабілетімен өлшенеді.

Share.
Exit mobile version