Қазақстан жаңа көлік бағыттарын дамытып, Қытаймен және Орталық Азия елдерімен байланысын нығайта отырып, Ресеймен де ынтымақтастығын сақтап келеді. Саясаттанушы Әділ Сейфуллиннің пікірінше, бұл – елдің көлік саласындағы көпвекторлы саясатының көрінісі. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың Авазада өткен Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжан басшыларының сегізінші Консультативтік кездесуіндегі сөзін талдай отырып, осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Саясаттанушының айтуынша, Қазақстан үшін сауда мен жүк тасымалының мүмкіндіктерін кеңейтіп, бір ғана логистикалық бағытпен шектелмеу маңызды.
«Қазақстан түрлі бағыттарды дамытып, жүк тасымалының географиясын кеңейтуге мүдделі. Бұл ретте жаңа көлік дәліздерін дамыту бұрыннан қалыптасқан байланыстардан бас тартуды білдірмейді», – деді ол.
Сарапшы көлік инфрақұрылымын дамыту жобаларын мысалға келтірді. Қазақстанда Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы аяқталуға жақын. Ал 2027 жылы Бақты – Аягөз теміржол қатынасын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Қытайды Каспий теңізі және Еуропа нарықтарымен байланыстыруға бағытталған «Арал-Каспий магистралі» жобасы жүзеге асырыла бастады.
«Бұл жобалар Қазақстанның халықаралық тасымал саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, түрлі нарықтармен байланысты нығайтуға жол ашады», – деп атап өтті Әділ Сейфуллин.
Қазақстан Орта дәлізді дамыту және оны TRIPP бастамасымен ықпалдастыру мүмкіндіктерін де қарастырып отыр. Алайда Солтүстік – Оңтүстік бағыты да жүк тасымалы үшін маңызды болып қала береді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бұл бағыттың әлеуетін Ресеймен ынтымақтастық аясында толық пайдалануға ниетті екенін атап өтті.
«Президенттің сөзінде Ресей бір-ақ рет аталды. Бірақ ол Қазақстанның нақты экономикалық мүдделері тұрғысынан айтылды», – деді саясаттанушы.
Оның пікірінше, бұл Қазақстанның көлік саясатына прагматикалық тұрғыдан қарайтынын көрсетеді. Ел Қытаймен, Әзербайжанмен және өңірдегі басқа мемлекеттермен ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Сонымен қатар ұлттық мүддеге сай келетін салаларда Ресеймен байланысты сақтауға мүдделі.
«Қазақстан өз мүмкіндіктерін бір ғана бағытпен шектемейді. Керісінше, нақты міндеттерге қарай түрлі маршруттар мен ынтымақтастық форматтарын пайдалануға ұмтылады», – деп түсіндірді Әділ Сейфуллин.
Саясаттанушы Тоқаевтың 2018 жылдан бері консультативтік кездесулерде көтерілген бастамаларды түгендеу туралы ұсынысына да назар аударды. Мемлекет басшысының мәліметінше, осы уақыт ішінде 200-ден астам бастама ұсынылғанымен, олардың аз ғана бөлігі жүзеге асқан.
«Орталық Азия елдері ортақ мақсаттарды тұрақты түрде талқылауды үйренді. Ендігі маңызды міндет – қабылданған келісімдердің іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету», – деді сарапшы.
Әділ Сейфуллиннің айтуынша, көлік саласындағы көпвекторлы саясат Қазақстанның өңірлік байланыстарды нығайтуға, әлемдік нарықтарға шығу мүмкіндіктерін кеңейтуге және ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерін қорғауға бағытталған стратегиясының бір бөлігіне айналып отыр.
