Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының депутаттығына Жаңашар ауылынан кандидат Самит Чулагов ауыл инфрақұрылымын жақсарту, жастар спортын дамыту және шағын кәсіпкерлікті қолдауды басты міндет ретінде белгілеп отыр, деп жазады Muztaumedia.kz.

1994 жылы Есік қаласында дүниеге келген Самит Чулагов 2017 жылы Спорт және туризм академиясын «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2012–2019 жылдары кәсіби футболмен айналысып, Қазақстанның Премьер-лигасы мен Бірінші лигасында өнер көрсеткен.

Жеті жылға жуық кәсіби спортта жинаған тәжірибесі оған тәртіп, табандылық пен командалық жұмыстың маңызын үйретті. Ал 2019 жылдан бері бизнес және сауда саласында еңбек етіп, жеке коммерциялық жобаларын дамытып келеді.

Кандидаттың айтуынша, Жаңашар ауылының болашағы ең алдымен жастарға жасалатын жағдайға, сапалы инфрақұрылымға және тұрғындардың кәсіппен айналысуына берілетін мүмкіндікке байланысты.

Осы бағытта Самит Чулагов сайлауалды бағдарламасына бірнеше басымдық енгізген.

Бірінші кезекте – спорт инфрақұрылымы. Ол ауылда заманауи спорт және футбол алаңдарын салуға ықпал етіп, балалар мен жастарға арналған футбол, күрес және жеңіл атлетика секцияларын ашуға атсалысуды көздейді. Сонымен қатар спорттық жарыстар ұйымдастырып, қабілетті жастарды қолдауға ниетті.

Екінші бағыт – жастарға жаңа мүмкіндіктер ашу. Атап айтқанда, жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына және кәсіп бастауына қолдау көрсету, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері назарда болмақ.

Үшінші басымдық ауылдың тұрмыс сапасын арттыруға арналған. Көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, тазалық пен қоқыс мәселесін реттеу, балалар ойын алаңдарын орнату – кандидат көтеріп отырған негізгі мәселелердің қатарында.

Бұдан бөлек, ол шағын кәсіпкерлікті дамытуға, ауылда жаңа жұмыс орындарын ашуға, сауда мен қызмет көрсету саласын жандандыруға күш салмақ. Әлеуметтік бағытта мектеп, балабақша және медициналық пункт жұмысының жақсаруына ықпал ету, ардагерлер мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға назар аудару көзделген.

Самит Чулагов халықпен ашық байланыс орнатуды да маңызды санайды. Бағдарламада тұрғындардың өтініштерін тыңдау, әр тоқсан сайын есеп беру және ауылдағы мәселелерді халықпен бірлесе шешу міндеті көрсетілген.

«Мен – спорттан шыққан, тәртіп пен жауапкершілікті бағалайтын адаммын. Жаңашардың дамуына нақты үлес қосып, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашуға ниеттімін. Ауылдың болашағы – ортақ жауапкершілік», – дейді кандидат.

Самит Чулаговтың сайлауалды бағдарламасының негізгі өзегі – спортты дамыту, жастарды қолдау және Жаңашар тұрғындарының өмір сапасын жақсарту.

Дайындаған: Чулагов С.
Тапсырыс беруші: Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Мәслихат депутаттығына кандидат Чуланов С.
Республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді

Share.
Exit mobile version