Белгілі заңгер Айгүл Орынбек Шымкентте салынып жатқан жаңа стадионға қатысты пікір білдіріп, қала әкімдігі өкілі Сәрсен Құранбекке үндеу жасады. Заңгер стадион салынатын аумақтағы жер телімдеріне қатысты бірқатар сұрақ қойып, мәселені тексеруді сұрады, деп хабарлайды Muztaumedia.kz ақпарат агенттігі.

Айгүл Орынбек бұған дейін де оқу орындарындағы мемлекеттік қаржының жұмсалуына қатысты мәселе көтергенін еске салды. Оның сөзінше, сол кезде айтқан мәлімдемелері «жалған ақпарат» деп бағаланған.

«Тергеп-тексермей тұрып, неге бірден “жалған ақпарат” деп шығасыздар? Кім жалған ақпарат таратып отыр?»

Заңгердің айтуынша, кейін аталған оқу орындарына қатысты мемлекеттік қаржының жұмсалуына байланысты шамамен 1,4 миллиард теңгенің мәселесі анықталған. Ол енді Шымкенттегі жаңа стадионның жер теліміне қатысты сұрақ көтергенін айтып, бұл мәселе бойынша да «жалған ақпарат» деген мәлімдеме жасалғанына наразылық білдірді.

«Әкімдік қызметкерлерінің бәрі заңды жұмыс істейтініне сіз кепілдік бере аласыз ба? Әкім Ғабит Сыздықбековтың өзі жиналыста Антикордың қолына өз қызметкерін ұстатып жіберген жоқ па? Барлық қызметкерлердің заңды жұмыс істегенін сіз қайдан біліп отырсыз?», — деді белсенді. 

Айгүл Орынбек стадион салынатын аумақтағы жер телімдерінің мәртебесіне қатысты да сұрақ қойды. Оның сөзінше, стадионға бөлінген аумақта коммерциялық нысандардың салынуына мүмкіндік берілген.

«Стадионға бөлінген, айдалада қаңырап бос жатқан жерге бірден қатарынан он шақты магазин мен он шақты стоматология салынады деп жер телімі коммерциялық болып өзгертілгенін қалай түсіндіресіздер? Алдын ала бұл жерге стадион түсетінін біліп, әдейі жасалған деп ойламайсыздар ма?», -деді заңгер. 

Заңгер мұндай жағдайда мәселені тиісті органдар тексеруі қажет деп санайды.

«Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде оның салыну қажеттілігі заң талаптарына сай ма деген мәселе бойынша Бас прокуратурадан тексеріс сұрауға құқылымын», — деп сынады Айгүл Орынбек. 

Сонымен қатар Айгүл Орынбек стадионның салынуына қарсы емес екенін атап өтті.

«Мен стадион салынбасын деп отырған жоқпын. Стадион салынсын! Мен айыптау үкімін шығарып отырған жоқпын. Мен тексеру жүргізуді сұрап отырмын!», — деді ол. 

Заңгер бұл мәселеге байланысты Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына e-Өтініш арқылы және ашық түрде жүгінетінін мәлімдеді.

«Мемлекет қаржысы — халықтың ақшасы. Оны тексеруді талап ету — қылмыс емес!»

Сондай-ақ ол Сәрсен Құранбекке мәселені тексермей тұрып «жалған ақпарат» деп бағалаудың дұрыс еместігін ескертті.

«Тексермей тұрып “жалған” деп мәлімдеме жасау, қылмысты жасырумен бірдей екенін өзіңізге ескерткім келеді. Әкімдік атынан сөйлеуге құқық берілді екен деп, сайрай беру де өзіңізге таяқ болып тиюі мүмкін екенін ескертемін!», -деп ескертті ол. 

Share.
Exit mobile version