Белгілі қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан Президенттің сеніміне ие болып, жоғары мемлекеттік қызмет атқарып отырған Ерлан Қарин туралы пікір білдірді. Ол Қаринның саяси салмағы мен идеологиялық бағыттағы қызметіне тоқталып, оның елдегі күрделі кезеңде сын мен жауапкершілікті өз мойнына ала білгенін атап өтті, деп жазады Muztaumedia.kz.
«Президент сенімінің үддесінен шығу екінің бірінің қолынан келмейді»
Бекболат Тілеуханның айтуынша, дәстүрлі ортадан шыққан, тарихи санасы қалыптасқан азаматтың елдегі аса жауапты қызметтердің бірін атқаруы — үлкен сенімнің белгісі.
«Танымы айқын, дәстүрлі ортадан шыққан текті азаматтың елдегі екінші тұлға саналатын аса биік лауазым атан тартып, ауыр жүкті арқалауы — үлкен сенімнің айғағы», — дейді ол.
Қоғам қайраткері әлемдік деңгейдегі тәжірибелі жетекшінің көңілінен шығып, Мемлекет басшысының саяси бағытын жүзеге асырудағы жауапты міндетті атқару оңай емес екенін атап өтті.
Оның пікірінше, Ерлан Қаринның Президент сенімін ақтай білуінің өзіндік себептері бар.
«Ерлан Қарин идеологиялық мағыналарды қалыптастырушы, үйлестіруші және қоғамға жеткізуші тұлға ретінде осы лауазым үшін сирек кездесетін жүйе құра алды. Соның арқасында жүргізілген саясат Президенттің біртұтас бағыты ретінде жүзеге асырылып отырды», — деді Бекболат Тілеухан.
«Сын мен соққының бәрін саналы түрде өз мойнына алды»
Бекболат Тілеухан Ерлан Қаринның саяси шеберлігін оның қоғамдағы түрлі сын мен пікірлерге көзқарасынан да байқайтынын айтады. Әсіресе қазіргі әлемдік ахуал күрделеніп, қоғамдағы саяси пікірлер сан түрлі сипат алған кезеңде мемлекеттік қызметтегі тұлғаның әрбір сөзі мен әрекетіне жауап беруі үлкен сабырды талап етеді.
«Дүниенің дидары бұзылған осындай кезеңде Қаринның сын мен соққының бәрін саналы түрде өз мойнына ала отырып, ешқашан ешкіммен ашық текетіреске бармауы — саяси шеберлігінің айғағы дер едім. Және жігіттік адамгершілігі де!» — дейді қоғам қайраткері.
Оның сөзінше, мемлекеттік қызметте жүрген азамат үшін саяси сабыр мен ұстамдылықтың маңызы зор. Қоғамдық пікірдің әртүрлі болатынын ескеріп, ашық текетіреске бармай, өз міндетін атқару — үлкен жауапкершілікті қажет етеді.
«Ерлан ініммен мұратымыз ортақ еді»
Бекболат Тілеухан Ерлан Қаринмен бұрыннан пікірлесіп, ұлттық құндылықтар мен тарихи сананы дамыту мәселелерінде ортақ ұстаным болғанын да атап өтті. Ол Қаринның тарихи санаға, дәстүрлі мәдениетке, жыраулар мұрасына және ұлттық спортқа қызығушылығын ерекше бағалаған.
«Тарихи санасы қалыптасқан, дәстүрлі мәдениеттің құнын қанымен сезінетін Ерлан ініммен қашаннан сұхбатымыз жарасқан, мұратымыз ортақ еді», — деді Бекболат Тілеухан.
Қоғам қайраткерінің айтуынша, Ерлан Қарин ұлттық мәдениет пен дәстүр мәселелеріне сырттай бақылаушы ретінде қарамай, олардың ішкі мазмұнын түсінуге ұмтылды.
«Жыраулар мұрасының, ұлттық спорттың, оның ішінде дәстүрлі садақ атудың дамуына сырттай емес, қыр-сырын меңгере қолына алып кірісуі — нәтижеге төте бастарлық қадам», — деп бағалады ол.
Бекболат Тілеухан Қаринның білмегенін сұраудан арланбайтын қарапайым мінезін де ерекше қасиет ретінде атап өтті.
«Білмегенін сұрауды ар көрген тоңмойындықтан ада, қарапайым да елгезек азаматтың іс басына келгенін — қазақ руханиятына сыйдай көрдік», — деді ол.
Сөз соңында қоғам қайраткері Ерлан Қаринға үлкен сабыр, мықты денсаулық пен абырой тіледі.
Ол Абайдың:
««Әуелде қиын нәрсе елге жақпақ,
Көңілін бай-кедейдің бірдей таппақ.
Қақ жарып қара қылды іс қылсаң да,
Кетеді біреу мақтап, біреу даттап»»
деген сөздерін келтіріп, көптің көңілінен шығудың қашанда қиын екенін еске салды.
«Үлкен сабыр, денсаулық, абырой тілеймін! Мамандығың тарихшы ғой, Ереке! Ұлы да әділ төреші — «ТАРИХ-мырзаның» үддесінен шығуға іс қылғайсың. Жаратқан жар болғай!» — деп түйіндеді Бекболат Тілеухан.


