Танымал әнші Қайрат Нұртастың Шымкентте өткен концерті дау тудырды. Концерт соңында адам санының көптігінен 18 жастағы қыз қысылып, реанимацияға түскен, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Зардап шеккен қыздың туысы Threads әлеуметтік желісінде жазба жариялап, оның жағдайы ауыр екенін жеткізді.
Ол жазбасында оқиғаға қатысы бар адамдардың әрекетіне наразылығын білдіріп, сіңлісінің амандығы үшін көпшіліктен дұға етуді сұрады.
«Шымкенттің түк көрмеген жабайылары! Адамды жерге құлатып, өлім аузында жатқанша таптайтын қандай надандарсыңдар?! Сіңлімді өлгенше тепкендерің не сұмдық?! Өліпсіңдер Қайрат деп! Ұйымдастыру оңбағандар!
Сіңлім 6 сағаттан бері реанимацияда, өмір мен өлімнің арасында жатыр!
Қазір бізге өте қиын. Дұғаларыңызда болыңыздаршы, өтінемін! Сіңлімнің аман қалуы үшін дұға етіңіздерші!» — деп жазды ол.
Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция концерт кезінде болған жағдайдың мән-жайын анықтап, ұйымдастырушылардың әрекетіне құқықтық баға беретінін мәлімдеді.
