Тәуелсіздік — қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы. Бірақ азат елдің тарихында қуанышты күндермен бірге халықтың жүрегіне жара салған қаралы даталар да аз болған жоқ. Muztaumedia.kz ақпараттық агенттігі ел тарихындағы ауыр күндерге шолу жасап шықты.
Кейбірінде кеншілер жер астында қалды. Кейбірінде адамдар өрттен қашып шыға алмай, түтінге тұншығып көз жұмды. Бір жерде су тасқыны тұтас ауылды шайып кетті. Бір жерде бейбіт күнде әскери борышын өтеп жүрген жас жігіттің табыты үйіне қайтты. Ал 2011 және 2022 жылдары елдегі әлеуметтік-саяси қақтығыстар адам өліміне ұласты.
Ауыр оқиғалардың соңғысы Каспий теңізіне тұнғышып көз жұмған 14 сарбаз. Ел ауыр қайғыда, зар еңіреген ата-аналар, көкірекке тірелген ашу мен амалсыздық.
Бұл — бір ғана статистика емес. Әр цифрдың артында бір адамның өмірі, бір отбасының тағдыры, бір ананың күткені, бір әкенің күрсінген қайғысы, үзілген үміті тұр.
1994–2023 жылдар: шахтадағы қаралы статистика
Тәуелсіздік жылдарындағы ең ауыр өндірістік трагедиялардың бір бөлігі — көмір шахталарында болды. Хронологияға сәйкес, 1994–2023 жылдары Қазақстан шахталарында 12 ірі апат болып, 200-ге жуық адам қаза тапқан.
Ең ауыр оқиғалардың қатарында:
1994 жыл — «Ақтас» шахтасы: 11 адам қаза тапты;
1994 жыл — «Қазақстан» шахтасы: метан жарылып, 14 адам көз жұмды;
1995 жыл — Ленин атындағы шахта: 13 кенші қаза тапты;
2006 жыл — Ленин атындағы шахта: 41 адам қаза болды;
2008 жыл — «Абай» шахтасы: метан жарылысынан 30 кенші көз жұмды;
2016 жыл — «Саран» шахтасы: 4 адам;
2021 жыл — «Абай» шахтасы: 6 адам;
2022 жыл — Ленин шахтасы: 5 адам;
2023 жыл — «Қазақстан» шахтасы: 5 адам қаза тапты.
Ал 2023 жылғы Костенко шахтасындағы алапат апат тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауыр өндірістік қасіреттердің біріне айналды.
2023 жыл, Костенко шахтасы: жер астында қалған 46 тағдыр. Оқиға 2023 жылғы 28 қазанда орын алды. Қарағанды облысы. Костенко атындағы шахта. Жер астында жарылыс болды. Оның салдарынан 46 кенші қаза тауып, 28 адам жарақат алды. Тергеу қорытындысында тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерінің жаппай бұзылғаны анықталған. Қылмыстық іс бойынша шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық қызметкерлер арасынан 10 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, іс сотқа жолданды. Шетелдік қожайын жұмысшыларға жағдай жасамағаны, қауіпсіздікті сақтамағаны жайлы сын айтылса да, қалталы шетелдік жауапкершілікке тартылмады.
Мұнда ең ауыр нәрсе — 46 адамның шахтаға жұмысқа барып, үйлеріне қайта оралмауы. 46 адам — 46 отбасы. 46 үйдегі бос қалған орын. 46 баланың әкесіз өсуі.
2023 жыл, «Қазақстан» шахтасы: жер астындағы тағы бір қасірет
2023 жылғы тамызда Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында конвейер лентасы өртенді. Шахтада 227 адам болған. 222 жұмысшы жер бетіне шығарылды. Бес кеншінің денесі табылды. Бұл оқиға Костенко шахтасындағы трагедиядан бірнеше ай бұрын болған. Бір жылдың ішінде кеншілердің қауіпсіздігі мәселесі қоғамның ең өткір тақырыптарының біріне айналды. Мемлекеттік комиссия кейін қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесіне ерекше назар аударып, Үкімет қатал шешімдер қабылдады.
2010 жыл: Қызылағаш қырғыны, ауылды алған топан су
2010 жылғы 11-нен 12 наурызға қараған түні Алматы облысындағы (қазіргі Жетісу облысы) Қызылағаш су қоймасы бұзылып, Қызылағаш, Ақтоған және Егінсу ауылдарын су басты. Бұл — табиғи апат пен адам факторларының салдары қоғамда үлкен сұрақтар туғызған трагедиялардың бірі.
Бір сәтте үйлерді су басты. Тұрғындар жан сақтау үшін биікке қашты. Ауылдың бір бөлігі ауыр зардап шекті. Бұл күн Қызылағаш үшін күнтізбедегі дата емес. Бұл — бір түнде жақынынан айырылған адамдардың жадындағы қаралы түн. Ауылдағы адам саны әлі күнге дейін нақтыланбаған деген түсінік қалды. Ал сол кездегі облыстың басшысы Серік Үмбетов еді, ол жауапкершілікке тартылмады.
2011 жыл: Жаңаөзен
2011 жылғы 16 желтоқсан. Жаңаөзен. Тәуелсіздік күні елдің бір бөлігінде мерекелік көңіл-күй болса, Маңғыстаудағы Жаңаөзенде жағдай қанды қақтығысқа ұласты. Ресми мәлімет бойынша 17 адам қаза тапты.
Кейінгі қылмыстық істер бойынша 37 адам сотқа тартылды. Азаттық мәліметінде олардың ішінде 3 адам толық ақталғаны, 21 адам шартты түрде, 13 адам 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге сотталғаны көрсетілген. Жаңаөзен оқиғасы тәуелсіз Қазақстан тарихында әлеуметтік еңбек дауының адам өліміне ұласқан ең ауыр мысалдарының бірі болып қалды.
Шымкент маңындағы әскери ұшақ апаты
2012 жылдың 25 желтоқсанында болған оқиға Қазақстан тарихындағы ең ірі әуе трагедияларының бірі саналады. Астана—Шымкент бағытында ұшып шыққан ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Ан-72 әскери ұшағы қонуға 20 шақырым қалғанда, Сайрам ауданы Тассай ауылының маңындағы цемент зауытының карьеріне құлап, өртеніп кетті.
Ұшақ бортындағы барлық 27 адам мерт болды (7 экипаж мүшесі және 20 әскери қызметкер). Қаза тапқандардың арасында Шекара қызметінің жоғары лауазымды басшылық құрамы болды:
ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының міндетін атқарушы, полковник Тұрғанбек Стамбеков (және оның жұбайы);
«Оңтүстік» өңірлік шекаралық басқармасының бастығы Павел Доценко; Еліміздің оңтүстік шекара отрядтарының («Қордай», «Сарыағаш») жетекшілері мен офицерлері. Әскерилер Шымкентке қонып, одан әрі Өзбекстан шекара қызметінің басшылығымен келіссөздер жүргізу үшін Ташкентке ұшуды жоспарлаған еді. Трагедияға байланысты елде Ұлттық аза тұту күні жарияланды.
Бас әскери прокуратура мен арнайы тергеу комиссиясының қорытындысы бойынша, апатқа бірнеше фактордың қабаттасуы себеп болған:
Ауа райының қолайсыздығы: Қону кезінде Шымкентте қалың тұман, қар аралас жаңбыр жауып, көріну деңгейі нашар болған.
Техникалық ақау: Ұшақтың автопилот жүйесі мен биіктікті өлшейтін құрылғыларында (барометрлік датчиктер) ақаулықтар анықталды.
Экипаж қателігі мен диспетчерлік қызмет: Сәтсіз қону жағдайында ұшқыштар ұшақты тиісті биіктікте ұстай алмаған. Кейіннен әуе қозғалысын реттеген Шымкенттік диспетчерге қатысты да қылмыстық іс қозғалды. 2020 жылы осы қайғылы оқиғаның құрметіне Шымкентте апат болған орынға арнайы мемориалдық тақта орнатылды.
2016 жыл: Ақтөбедегі қанды шабуыл
2016 жылғы 5 маусым. Ақтөбе. Экстремистік топ қару-жарақ дүкендеріне және Ұлттық ұланның әскери бөліміне шабуыл жасауға әрекет етті. Қақтығыс кезінде үш әскери қызметші қаза тауып, алты адам жараланды. Олардың арасында мерзімді әскери қызметшілер де болды. Жас жігіттердің бірі — қатардағы жауынгер Досбол Сапар. Ол үшін бұл күн әскери қызметтегі кезекті күн болуы керек еді. Бірақ үйіне тірі оралмады.
2016 жылы 18 шілдедегі Руслан Күлекбаев оқиғасы
Алматы қаласында болған қантөгіс және лаңкестік (теракт) шабуыл. Бұл оқиға кезінде 10 адам қаза тапты (8 полиция қызметкері және 2 бейбіт тұрғын). Шабуыл күні таңертең Руслан Күлекбаев Алматыда жезөкшелікпен айналысқан шетелдік әйелді өлтірді.
Лаңкестік шабуыл: Содан кейін ол Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына (ІІБ) және Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) департаментінің ғимаратына қарулы шабуыл жасады. Құқық қорғау органдарымен атысұа шыққан Күлекбаев полиция қызметкерлеріне оқ атып, көлік пен қаруды тартып алмақ болды. Қала аумағында төтенше (қызыл) террорлық қауіп деңгейі жарияланды.
Көп ұзамай полиция қызметкерлері күдіктіні жарақаттап, ұстады. 2016 жылдың қараша айында арнайы сот шешімімен Руслан Күлекбаев өлім жазасына кесілді (Қазақстанда өлім жазасына мораторий болғандықтан, кейін ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды). Қызметке, жұмысқа шығып, қапыда ажал құшқан полицейлердің артында ондаған бала жетім қалды.
Челах оқиғасы (немесе «Арқанкерген» трагедиясы)
2012 жылдың 28–30 мамыр аралығында Қазақстан-Қытай шекарасында орналасқан «Арқанкерген» шекара бекетінде болған жаппай қырғын. Оқиға салдарынан 15 адам қаза тапты (14 шекарашы сарбаз бен 1 қорықшы). Трагедияның барысына тоқталсақ, 2012 жылдың 31 мамырында байланысқа шықпай қалған шекара постына барған әскерилер өртенген казарма ғимараты мен 14 шекарашының және жақын маңдағы аңшылық шаруашылығы қорықшысының мәйітін тапты.
Жалғыз аман қалған сарбаз: болды. Оқиғадан кейін бірнеше күннен соң, 4 маусымда бекеттен 20 шақырым жердегі тау шатқалындағы қыстаудан 19 жастағы қатардағы жауынгер Владислав Челах табылды. Тергеу нұсқасы бойынша, Челах әріптестері мен қорықшыны атып өлтіріп, бекетті өртеп жібергенін мойындады. Бірақ кейін ол бұл түсініктемелерді қысым мен азаптау арқылы бергенін айтып, өз айғақтарынан бас тартты.
Оның нұсқасы бойынша, шекара постына белгісіз біреулер шабуыл жасаған, ал өзі қашып үлгерген. 2012 жылдың 11 желтоқсанында сот Владислав Челахты жаппай кісі өлтіру, дезертирлік, қару ұрлау және әскери мүлікті бүлдіру баптары бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Қазіргі уақытта ол Қостанай облысы Жітіқара қаласының маңындағы ерекше режимдегі «Қара бүркіт» колониясында жазасын өтеп жатыр.
Әскердегі қаралы статистика
Бейбіт уақытта Отан қорғау үшін әскер қатарына барған жас азаматтардың өлімі қоғам үшін ең ауыр тақырыптардың бірі болып келеді. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскери қызметшілердің өлімі мен жарақатының себептеріне қару-жарақты абайсыз қолдану, әскери техниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу, жол-көлік оқиғалары, аурулар және суицид жағдайлары жатады. Ведомство 2021–2023 жылдары жарғылық емес қарым-қатынасқа байланысты қылмыстар саны 32-ден 23 жағдайға дейін төмендегенін, осы фактілер бойынша 12 әскери қызметшінің сотталғанын хабарлаған.
Мұнда бір маңызды нәрсені ажырату қажет: министрлік статистикасында әскери қызметшілер өлімінің 90 пайызы әскери қызметпен байланысты емес деп көрсетілген. Сондықтан барлық өлімді «әскердегі әлімжеттік» деп көрсету дұрыс болмайды.
Бірақ бір сарбаздың өлімі — қандай себеппен болса да, оның отбасы үшін орны толмас қасірет.
2019 жыл: Алматы әуежайындағы Bek Air трагедиясы
2019 жылғы 27 желтоқсан. Алматы. Bek Air компаниясының Fokker-100 ұшағы әуежай маңында апатқа ұшырады.
Апаттан адамдар қаза тауып, ондаған жолаушы зардап шекті. Кейін қылмыстық іс бойынша 4 мыңнан астам тергеу әрекеті, 150 сот-медициналық сараптама және арнайы зерттеу жүргізілген. Бұл трагедия Қазақстандағы азаматтық авиация қауіпсіздігіне қатысты үлкен сұрақтар туғызды.
Арыстағы арпалыс, жойқын жарылыс
2019 жылдың 24 маусымында Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында жойқын жарылыс болып, төтенше жағдай жарияланды. Ресми деректер бойынша 3 немесе 4 адам қаза тапты (артынан басқа да жарақат алғандар мен зардап шеккендер тіркелді). Қаладағы тұрғын үйлер мен инфрақұрылымның басым бөлігі бүлінді.
Арыс қаласының 40 мыңнан астам тұрғыны қауіпсіз жерлерге қашуға мәжбүр болды. Оқ-дәрілердің 70 пайыздан астамы жарылып кетті.
Кейіннен әскери бөлім басшылығы мен жауапты тұлғаларға қатысты қылмыстық істер қозғалып, қамауға алынды.
2021 жыл: Жамбыл облысындағы жарылыс, күлге айналған әскерилер
Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасындағы жойқын жарылыс 2021 жылдың 26 тамызында кешкі сағат 19:00 шамасында басталды. Алдымен инженерлік оқ-дәрілер сақталған қоймадан өрт шығып, соңы бірнеше қатты жарылысқа ұласты.
Қайғылы оқиға салдарынан 17 адам қаза тапты және 98 адам түрлі жарақат алды. Қаза болғандардың басым бөлігі — өртті сөндіруге алғашқылардың бірі болып жеткен төтенше жағдайлар органдарының (ТЖД) қызметкерлері мен әскерилер. Сондай-ақ, 1 адам (өрт сөндіруші Бауыржан Дәуітбаев) хабар-ошарсыз кетіп, кейіннен ресми түрде қайтыс болды деп танылды.
Әскери қоймаға жақын орналасқан Сарыкемер, Жібек жолы, Үшбұлақ және Ботамойнақ ауылдарының жүздеген тұрғыны қауіпсіз жерлерге және Тараз қаласына шұғыл эвакуацияланды.
Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Сондай-ақ, осы оқиғадан кейін сол кездегі Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті. 2021 жылдың 10 қазанында сол қойма аумағында бұрын зақымдалған оқ-дәрі қалдықтарының тұтануынан тағы бір жарылыс болды, бірақ ол кезде ешкім зардап шеккен жоқ.
Тергеу мәліметтері бойынша қоймада 500 тоннадан астам тротил сақталған. Мемлекетке келтірілген материалдық залал көлемі 25 миллиард теңгеден асты. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, жауапты әскери тұлғалар мен кінәлі деп танылғандар тиісті жазаларын алды, сондай-ақ сот шешімімен мемлекет пайдасына шығынды өтеу міндеттелді.
2024 жыл: Ақтау маңындағы ұшақ апаты
2024 жылғы 25 желтоқсан. Ақтау. Баку–Грозный бағытымен ұшып келе жатқан Azerbaijan Airlines ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады. Бортта 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Қазақстан ТЖМ мәліметі бойынша апаттан кейін 38 адамның мәйіті табылды, 29 адам ауруханаға жеткізілді.
Ақтау аспанындағы сол қаралы күн ондаған отбасының өмірін екіге бөлді: апатқа дейінгі өмір және апаттан кейінгі өмір.
2023 жыл: Алматыдағы хостелдегі өрт
2023 жылғы 30 қараша. Алматы. Әди Шәріпов көшесіндегі хостелде өрт шықты. ТЖМ дерегінше, өрт кезінде 13 адам қаза тапқан. Алдын ала мәлімет бойынша, адамдар улы газдан уланып көз жұмған. Хостелде сол кезде 72 адам болған, 59 адам өздігінен эвакуацияланған. Оқиғадан кейін Алматыдағы жатақхана мен хостелдерге тексеру жүргізіліп, 350-ден астам өрт қауіпсіздігі бұзушылығы анықталған.
Бұл трагедия бір қарағанда қарапайым өрт сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ 13 адамның тағдыры қоғамға бір сұрақты қайта қойды: Адамдар тұрып жатқан ғимараттың қауіпсіздігі кімнің жауапкершілігінде?
2022 жыл: Қаңтар қасіреті
2022 жылғы қаңтар. Қазақстанның бірнеше қаласында жаппай наразылықтар мен тәртіпсіздіктер болып, оқиғалар қарулы қақтығыстарға ұласты. Ресми дерек бойынша 238 адам қаза тапты. Бас прокуратура қаза болғандардың толық тізімін жариялады.
Қаңтар оқиғасы бойынша көптеген қылмыстық істер қозғалып, әртүрлі деңгейдегі жауапкершілік мәселесі қаралды. Бұл жерде де деректі нақты бөлу қажет: қаза болғандардың барлығын бір себеппен немесе бір тараптың әрекетімен түсіндіру дұрыс емес. Қаңтар кезінде бейбіт тұрғындар да, күштік құрылым қызметкерлері де қаза тапты.
Семей орманындағы өрт
Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында болған, ел тарихындағы ең алапат экологиялық және адам шығынына әкелген ірі қайғылы оқиғалардың бірі. Бұл аймақта әртүрлі жылдары өрт тіркелгенімен, ең үлкен қасірет 2023 жылдың маусым айында орын алды.
2023 жылдың 8 маусымында Батпаев орман шаруашылығы аумағында өрт тұтанған. Құмды әрі рельефі қиын аймақ болғандықтан, өрт сөндіру техникалары бастапқыда ошаққа жете алмай, жалын жылдам тарап кетті. Тілсіз жаумен күресуге алғашқылардың бірі болып аттанған 15 адам қаза тапты (оның 14-і орман шаруашылығы қызметкері және 1 тракторшы). Салдарынан елде 12 маусым жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Қызыл жалын 60 мың гектардан астам орман алқабын шарпып, күлге айналдырды. Мемлекетке келген тікелей материалдық шығын 160 миллиард теңгеге бағаланды. Оқиғаға және жемқорлыққа кінәлі лауазымды адамдар сотталды.
Қаралы жылдарға бір көзқарас
Тәуелсіздік тарихына үңілсек, адам өмірін жалмаған трагедиялар бір ғана саламен шектелмейді.
Шахтада — қауіпсіздік мәселесі.
Өртте — адам өмірінің қауіпсіздігі.
Суда — алдын алу мен бақылау мәселесі.
Әскерде — жас сарбаздардың тағдыры.
Жол мен авиацияда — қауіпсіздік пен жауапкершілік.
Ал әлеуметтік қақтығыстарда — қоғамдағы қордаланған мәселелердің адам өліміне дейін жетуі.
Осы оқиғалардың әрқайсысында бір ортақ нәрсе бар: статистикадағы бір сан — шын өмірдегі бір адам.
46 кенші дегеніміз — жай ғана «46» емес.
17 адам — жай ғана статистика емес.
13 адам — жай ғана өрт құрбандары емес.
238 адам — жай ғана ресми есеп емес.
Олардың әрқайсысының аты-жөні, ата-анасы, балалары, жары, достары болды. Сондықтан тәуелсіз Қазақстанның қаралы күндерін еске алу — елді қаралау емес. Керісінше, әрбір қайғылы оқиғадан сабақ алып, келесі адамның өмірін сақтап қалудың қажеттілігін еске салу.
Өйткені мемлекет үшін ең қымбат көрсеткіш — экономикалық өсім де, өндіріс көлемі де, статистика да емес.
Ең қымбат нәрсе — адам өмірі.
