Фото: скриншот

Теміртау қаласында патрульдік полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, қашуға әрекет жасаған көлік жүргізушісі қатаң әкімшілік жазаға тартылды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, түнгі рейд барысында Toyota автокөлігінің 40 жастағы жүргізушісі полицейлердің тоқтау туралы талабына бағынбай, оқиға орнынан қашуға тырысқан. Алайда патрульдік жасақ оны көп ұзамай ұстады.

Ұсталған азаматтан масаңдық белгілері анық байқалғанымен, ол медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан. Іс материалдарын қараған сот құқық бұзушыға 15 тәулік әкімшілік қамақ тағайындап, 8 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырды. Сонымен қатар оған 174 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Полиция департаментінің дерегінше, 2026 жылдың басынан бері Теміртау аумағында мас болып, көлік тізгіндеудің 75 дерегі, сондай-ақ медициналық куәландырудан өтуден бас тартудың 19 фактісі дер кезінде тоқтатылған.

Share.
Exit mobile version