Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айында Қазақстан халқына Жолдау жасайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде айтты, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.

Президент Конституцияның 46-бабына сәйкес Жолдауда елдің алдағы даму бағыты мен негізгі жоспарлары айқындалатынын жеткізді.

«Қазан айында мен Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан халқына Жолдауымды жасап, алдағы жоспарымызды айқындаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы елдегі саяси өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, жақында Құрылтай сайлауы өтіп, оның құрамына кәсіби, іскер әрі жаңашыл азаматтар кірген. Олардың арасында жастар да бар.

«Құрылтайға кәсіби, іскер, жаңашыл азаматтар кірді. Олардың ішінде жастар да аз емес. Вице-Президент тағайындалды. Жаңартылған Үкімет жұмысына кірісті. Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты жасақталды. Көп ұзамай Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітіледі», – деді Президент.

Айта кетейік, 23 тамызда Қазақстанда Құрылтай сайлауы өтті. Сайлау қорытындысында «Әділет» партиясы 71,17 пайыз дауыс жинап, 145 депутаттық мандаттың 110-ына ие болды.

Share.
Exit mobile version