Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан намысын қорғаған спортшылар мен бапкерлерді құттықтады, деп хабарлайды Muztaumedia.kz. Ақордаға сілтеме жасап.
Президент әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылар арасында ел көк туын биікке көтерген ұлттық құрама мүшелерінің жетістігін атап өтті.
«Әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылармен бәсекеге түсіп, көк байрағымызды биікке көтеру – нағыз ұлт перзенттеріне тән асыл қасиет. Ұлттық командамыз ел үмітін толығымен ақтады. Баршаңызға Отанымызға әкелген рухты жеңістеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге тұтас халқымыз жанкүйер болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Ұлттық құрама қоржынына 74 медаль түссе, оның 32-сі алтын болды.
Мемлекет басшысы бұл нәтижені қазақ халқының қайсар рухы мен жеңіске деген жігерінің көрінісі деп бағалады.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев спорттың негізгі миссиясы елдер арасындағы достық пен өзара құрметті нығайту екенін атап өтті. Ол жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қырғызстан Президентіне ризашылығын білдірді.
Жиын соңында Қазақстан спортшылары мен жаттықтырушыларына мемлекеттік наградалар табысталды.


