«Абай ұлттық мектебіндегі» даудан кейін Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы Жұлдыз Сүлейменова оқу ордасының ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.

Жиын алдымен мектеп түлектерімен ашық сұрақ-жауап форматында өтті. Журналистер, айтыскерлер мен қоғам қайраткерлері соңғы күндері әлеуметтік желілерде көтерілген мектепке қатысты сауалдарын тікелей қойды. Әңгіме барысында аудит қорытындысы, мектеп басшылығындағы өзгерістер және оқу процесінің қазіргі жағдайы талқыланды.

Одан кейін министрдің міндетін атқарушы мектеп ұжымымен жүздесті. Педагогтер оқу процесін ұйымдастыру, білім беру сапасы және мектептің күнделікті жұмысына қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын айтты. Жұлдыз Сүлейменова ұжым пікірін тыңдап, барлық сұрақ жан-жақты қаралғанын жеткізді.

Сапар аясында ол мектеп ғимараты мен жатақхананы аралап, оқушылардың білім алуына және тұруына жасалған жағдаймен танысты. Сондай-ақ оқушылармен әңгімелесіп, олардың мектеп өмірі мен оқу барысы туралы пікірлерін тыңдады.

Бұған дейін «Абай ұлттық мектебінің» түлектері министрлік жүргізген аудит қорытындысына сенімсіздік танытқан. Мектептің басшысыз қалғаны, кадрлар тұрақсыздығы, жаңа ғимараттағы су мәселесі сөз болған.

Айта кетейік, Абай ұлттық мектебі 1957 жылы ауыл балаларына арналған республикалық мектеп-интернат ретінде ашылды. 1988–1989 оқу жылынан бастап қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатқа айналды. Ал 2020 жылдан бері гуманитарлық бағыттағы Абай мектептері желісінің ресурстық орталығы ретінде жұмыс істеп келеді.

 

Share.
Exit mobile version