Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың отбасындағы жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Эльмира Төлегенова жеке парақшасында күйеуімен болған жанжал туралы видео жариялап, оқиғаның мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Блогердің айтуынша, жанжал кезінде ол гардеробқа кіріп, есікті ішінен жауып алған. Сонымен қатар әлеуметтік желіде тараған кей ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтып, күйеуі оған физикалық күш қолданбағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, Ерболат Жанабылов желіге ақпарат таралмауы үшін телефондарын алып қойған.
Оқиғаға қатысты Астана қаласының полиция департаменті де түсініктеме берді.
«Қыркүйектің 30-ы күні түнгі уақытта әлеуметтік желілерден Астана қаласының шағын аудандарының бірінде отбасылық-тұрмыстық жанжал туралы хабарлама түсті. Полиция жасағы келген кезде факт расталды. Ерлі-зайыптылар арасында дау шығып, оның барысында күйеуі телефонын тартып алып, әлеуметтік желідегі стористерін өшірген. Жәбірленуші шара қолданбау жайлы арыз берді, профилактикалық әңгіме жүргізілді. Медициналық куәландыру бойынша екеуі де сау. Күйеуіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды», – деп хабарлады полиция.
