Мектеп оқушысына университеттің тапсырмасын тықпалаған, сауатсыз жазылған, баланың ынтасын қашыратын оқулықтар көбейді, деп жазады Muztaumedia.kz.

Қазақтың белгілі жазушысы Бексұлтан Нұржекеев бастауыш сыныпта оқыған өлең-жырды күні бүгінге дейін ұмытпағанын алға тартып, қазіргі жас буынның кеше оқығанын бүгін есте сақтай алмауының басты себебін қазіргі білім беру жүйесінен көрді. Оның айтуынша, бағдарлама жасаушылар баланың қабылдау психологиясын ескермей, жас шыбықтай өрімдей сананы қажетсіз ақпаратпен толтыруға әуестеніп кеткен.

Жазушы өз немересінің үй тапсырмасын орындау кезінде басынан өткен жағдайды нақты мысалмен баяндап берді.

– Баланың миы қоқыс жәшігі сияқты, оған ананы да, мынаны да құйып жатыр, төгіп жатыр. Баланың тілін білетін педагог қалмады. 11 жасар немереме мынандай тапсырма беріпті: «Мына сөздердің ішінен жергілікті ерекшелігі бар, жалпы ерекшелігі бар сөздерді анықтаңдар» деген. Әлгінің екеуін мен таба алмадым. 77 жасыма шейін аймақтарды аралаған, жергілікті ерекшелікті білетін жазушымын. Ал 11 жасар қыз бала өзінің үйіндегі сөзден басқаны қайдан біледі? Атыраудағы, Маңғыстаудағы, Қызылжардағы елдің қалай сөйлейтінін қайдан біледі, олар? – деп ренжіді жазушы.

Оның пайымдауынша, филолог-ғалымдар мен студенттердің деңгейіндегі диалектологиялық тапсырмаларды мектеп бағдарламасына тықпалау – баланы білімге баулу емес, оның зейінін шаршатып, оқуға деген ынтасын жоюмен тең.

Жазушының пікірінше, жергілікті диалектілерді балалардың оқулығына ретсіз кіргізу оқушыны да, мұғалімді де адастырып тынды. Әдеби тілдің біртұтас нормасын қалыптастырудың орнына, әр өлкенің сөйлеу мәнерін баланың басына тықпалау мемлекеттік тілдің тұтастығына да қауіп төндіретін құбылыс деп атады.

Оқулықтарда жүйелі әдіснаманың болмауы білім беру процесінің берекесін қашырып отыр. Түсініксіз сөздер мен қисынсыз сұрақтар мұғалімнің өзін тығырыққа тірейтіндіктен, оқушылар сабақты тек жаттанды түрде оқып, мәніне терең бойлай алмайды.

– Қазіргі оқулықтарда әдіснама жоқ. Әдіснама жоқ жерде оқулық та болмайды. Оны оқушы түгілі, мұғалімнің өзі де түсінбейді. Мұндай жаулықты дұшпан да жасамайды қазаққа. Сабақтастық, дәстүр деген атымен жоғалды. Бір министрдің реформасын екіншісі өзгерте береді, екіншісінің жаңалығын үшіншісі алып тастайды. Бірін-бірі мойындамайды. Соның кесірінен немерем қатарлы оқушылар Білім министрлерінің экспериментіне айналды, – деп ашынды Бексұлтан Нұржекеев.

Қаламгердің бұл жанайқайы отандық білім беру саясатына түбегейлі ревизия жасау қажеттігін тағы бір мәрте күн тәртібіне шығарды. Мектеп оқулықтарын құрастыру ісін шенеуніктердің жеке амбициясынан арылтып, бала жанының білгірі саналатын нағыз әдіскерлер мен тәжірибелі ұстаздарға тапсырмайынша, ұрпақтың сауаттылығы мен білім сапасын түзеу мүмкін болмайды.

Share.
Exit mobile version