Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты Айдарлы ауылында Мәсіп Батырханұлы атындағы халықаралық «Қансонар-2026» құсбегілік турнирі өтіп жатыр. Ұлттық саятшылық өнерді дәріптейтін жарысқа 50 қатысушы жиналды. Олардың қатарында Моңғолиядан арнайы келген құсбегі қыз Сәйгүлік Нұрғайыпқызы да бар, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Сәйгүліктің айтуынша, ол жарысқа өзінің Аққанат атты бүркітін алып келген. Қазір құстың жасы бір жарымда. Құсбегі оны балапан кезінен баптап келеді.
«Мен арнайы осы жарысқа қатысу үшін Моңғолиядан келдім. Қолымдағы құстың аты – Аққанат. Қазір бір жарым жаста. Балапан кезінен баптаған құсым. Осы жарысқа арнайы алып келдім. 12–13 жасымнан бері бүркітшілікпен айналысамын. Жеті атамнан бері бүркітшілікпен айналысамыз. Әпкем, ағам – барлығымыз осы өнермен айналысамыз», – деді ол.

Тілші Сәйгүліктен бүркітшілік оның кәсібі ме, әлде қызығушылығы ма деп сұрады. Құсбегі қыз бұл өнерді өзінің сүйікті ісі деп санайтынын жеткізді.
«Бұл қызығушылық десем болады. Себебі бүркіт – біздің отбасымыздың бір мүшесі. Оған өзіміздің туғанымыздай қараймыз», – деді Сәйгүлік Нұрғайыпқызы.

Сондай-ақ ол бүркітпен қандай аңдарды аулайтынын айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның сөзінше, бүркітпен түлкі мен қасқыр аулайды. Құсбегі Аққанаттың болашағынан үлкен үміт күтетінін айтып, алдағы уақытта балапан бүркітінің қасқырға түсетінін де атап өтті.

Айта кетейік, халықаралық «Қансонар-2026» турниріне Қазақстанның тоғыз өңірінен, сондай-ақ Түркия, Ресей және Моңғолиядан келген құсбегілер қатысып жатыр. Атап айтқанда, Жетісу, Алматы, Абай, Қарағанды, Ақтөбе, Ақмола және Жамбыл облыстарының, сондай-ақ Шымкент пен Астана қалаларының өкілдері бақ сынауда.

Ұлттық құндылықты ұлықтайтын бұл жарыс құсбегілік өнердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, халықаралық деңгейде насихатталуына мүмкіндік береді.


