Әлеуметтік желіде зерттеуші Гүлсім Оразалықызының жазушы Санжар Керімбайдың Нұртас Оңдасынов туралы «Нұртас және елге қызмет» кітабына қатысты сыны қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Зерттеушінің айтуынша, кітапта өз еңбектерінде бұған дейін жарияланған деректер пайдаланылған. Ол басылымнан тың зерттеу мен архивтік жаңа материалдар таппағанын айтып, авторларға өкпесін жеткізді.
«Жақында Санжар Керімбайдың «Нұртас және елге қызмет» кітабы қолыма тиді. Оқып болғаннан кейін біраз ренішке қалдым. Өйткені оның ішінде ешқандай жаңалық жоқ. Архивтен тауып, құжаттарды сөйлету де жоқ. Барлығы менің кітаптарымнан: «анау айтты, мынау айтты, Құбашев айтты, Мұқашев айтты» деп көшіріп баса берген. Мен осыған қатты ренжідім», – деді зерттеуші.
Гүлсім Оразалыққызы сонымен қатар кітапты жарыққа шығару үшін қаражат жинау басталғанына да қарсылық білдірді. Оның пікірінше, Нұртас Оңдасынов сияқты мемлекет қайраткері туралы еңбекке халықтан жылу жинау дұрыс емес.
«Одан кейін – жылу жинау. Қазақстан үкіметін он үш жыл ең қиын кезде басқарған Нұртас Оңдасынов үшін жылу жинау – ұяттың ұяты. Мен отыз жыл өмірімді арнап, Мәскеудің, Атыраудың, Қазақстан мемлекеттік архивтерінде жылдап отырып жинаған кітаптарымнан көшіріп басып, оны елге тарату, ақша жинау – ұяттың ұяты», – деді Гүлсім Оразалықызы.
Өз кезегінде жазушы Санжар Керімбай зерттеушінің сынына жауап берді. Ол кітап авторлары дереккөздерді көрсетіп, академиялық талаптарды сақтағанын атап өтті.
«Дауласуға, жанжалдасуға ешқандай да объективті себеп жоқ. Бәрі норма. Авторлар академиялық әділдіктен аттамаған. Дереккөздері мен дерек жеткізуші кісілердің атын атап, еңбегін бағалап жазған. Еш нәрсеге алаңдамай, Нұртас жайлы кітапты сатып алып, рахаттанып оқи беріңіздер», – деді Санжар Керімбай.
