Ақтаудан әскерге шақырылған 18 жастағы сарбаз Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімінде өзін ұрып-соққанын мәлімдеді. Әскерде әбден қорқып қалған сарбаз өзін кімдердің соққыға тұрақты түрде жыққанын анасы нақтылап сұраған соң бірақ айтқан. Қазір оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталып, қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Бұған дейін сарбаздың анасы Гүлдана Кетібаева ұлы Еркебұланның 3 шілдеден бастап Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүргенін айтқан. Оның сөзінше, 4 қыркүйекте ауруханадан қоңырау түсіп, баласының үш күннен бері медициналық мекемеде жатқанын білген.
Алғашында жас сарбазды уролог қараған. Талдау нәтижесінде инфекция анықталмаған. Кейін дәрігерлер травматолог шақырған. Анасының айтуынша, маман қуықтағы мәселелердің денеге түскен жарақатпен байланысты болуы мүмкін екенін айтқан.
Осыдан кейін сарбаз анасына әскери бөлімде өзін бірнеше рет ұрып-соққанын жеткізген. Травматолог полиция шақырып, жас жігіт құқық қорғау органдарына арыз жазған. Кейін анасы ұлымен бейнебайланыс арқылы сөйлескен кезде, сарбаз өзін аға сержант атанған үш еркектің тұрақты түрде ұрғанын айтқан.
Анасы мен ұлының диалогы:
— Еркебұлан, сені кім ұрып жұр? Маған сені ұрған адамның атын толық айт?
— Кейін жазып жіберейін…
— Жоқ, қазір айт маған… Кім ұрды сені, жасырмай айт..
— Палатаға бірінші шығып кетейін..
— Маған сені ұрған адамның аты-жөнін толық айт, қазір айт, мен бәрібір қоймаймын
— Айтып жатырмын ғой. Аға сержант Ерболат Зуадинов, аға сержант Жанғалиев Роман, аға сержант Руслан …
— Үнемі ұрды ма?
— Келгелі басталды ғой..
— Ер адамның орасындағы заттан ұрды ма? Қуығыңнан қашан ұрды?
— Постоянно. Бастан, іштен сол
— Үшеуі де ұрды ма?
— Иә
— Ауруханадан шықпа, мен бара жатырмын.
Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының мәліметінше, аталған әскери бөлімде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбазға қатысты жағдай бойынша тергеу басталған. Істі Ішкі істер министрлігі Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Ақтөбе бөлімі қарап жатыр.
«Тергеу органдары болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Жан-жақты әрі объективті тексеру нәтижесінде оқиғаға құқықтық баға беріледі», – делінген ведомство хабарламасында.
Қазір Еркебұлан Досымбет ауруханада жатыр. Анасы жақын туыстарымен бірге Ақтөбеге шұғыл жолға шығуды жоспарлап отыр.
Ал әскери бөлім өкілдері сарбаздың №6655 әскери бөлімінде қызмет етіп жүргенін және қазіргі уақытта ауруханада жатқанын растады.


