Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы №28738 әскери бөлімге барып, бөлімнің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Өңір басшысы Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың тұрмыс-тіршілігін көріп, Ұлттық ұланға қарасты әскери бөлімнің аумағын аралады.
Сондай-ақ әкім сарбаздарға ұсынылатын ас мәзірін көрді. Мәзірде ет тағамдарынан бөлек, бал мен банан сияқты өнімдер де бар.
Алайда сарбаздардың тамағы желі қолданушыларының арасында қызу пікірталас туғызды. Көпшілік мұндай жағдайдың арнайы көрсетілім үшін ұйымдастырылғанына күмән келтіріп, әскери бөлімдерге алдын ала ескертусіз бару керек деген пікір білдірді.
«Солдаттардың өзі шок шығар», «Осындай көрсетілімдерің қашан бітеді?», «Айтпай, ескертпей барыңызшы», «Сарбаздар түс пе, өң бе деп отырған шығар», «Көзбояушылықты қою керек», «Біз армияда жүргенде журналистер келсе, дастарханды жайнатып қоятын еді» деген пікірлер жазылды.
Желі қолданушыларының бір бөлігі сарбаздарға берілетін тамақтың шынайы жағдайын көрсету маңызды екенін атап өтті.


