Қазақстанда «қыркүйек» сөзінің дұрыс жазылуына қатысты дау әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бір тарап оқулықтарда кездесетін «қыргүйек» нұсқасын қате деп санаса, енді бірі оның қолданыстағы тіл ережелеріне сәйкес жазылатынын алға тартады, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Бұл мәселе жуырда қызметіне кіріскен вице-президент Ерлан Қариннің де назарына ілінді. Ол тіл мамандары мен ғалымдарды жинап, «қыркүйек» пен «қыргүйек» нұсқасына қатысты пікір алмасты.
Қариннің айтуынша, бұл мәселе тек тіл мамандары мен әдеби ортаға ғана қатысты емес.
«Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан, оның дұрыс қолданылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей қатысты. Қазір қазақ тілі кеңсе тіліне айналды. Сондықтан мұндай мәселенің бір ұшы бізге де тиетіні рас», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Вице-президенттің сөзінше, мемлекет нақты сөздердің қалай жазылатынына араласпайды. Бұл мәселеге тіл саласының мамандары мен ғалымдары жауапты, ал мемлекеттің міндеті – қажетті жұмысты үйлестіру.
Талқылау қорытындысында қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу туралы шешім қабылданған.
«Талқылау барысында қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу қажет деген шешімге келдік. Алдымен белгілі ғалымдардан арнайы жұмыс тобы құрылып, жаңа сөздік дайындалады. Ұсынылған еңбек Мекемеаралық комиссияда қаралып, бекиді», – деді Қарин.
Айта кетейік, Қазақстанда соңғы орфографиялық сөздік 2013 жылы жарық көрген.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да «қыркүйек» пен «қыргүйек» нұсқасына қатысты пікір білдірген. Министр өз басы «қыркүйек» сөзін «к» әрпімен жазатынын айтқан еді.


