Әлеуметтік желілерде Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің күйеу баласы, президент күзет қызметі бастығының орынбасары Отабек Умаровқа қатысты бейнежазба қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Желі қолданушылары оның жақында жарияланған суретінен қолындағы сағатқа назар аударған. Онда әлемдегі ең жұқа механикалық сағаттардың бірі саналатын Richard Mille UP-01 Ferrari моделі көрінеді.
Қалыңдығы небәрі 1,75 миллиметр болатын бұл эксклюзивті сағаттың әлем бойынша 150 данасы ғана шығарылғаны айтылады. Ашық деректерде оның бағасы шамамен 2 миллион доллар деп көрсетіледі.
Сағаттың бағасы әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударып, қызу талқыға түскен. Кейбір қолданушылар Отабек Умаровтың мұндай қымбат аксессуарды тағып жүргеніне қатысты сұрақтар қойған.
Айта кетейік, әлеуметтік желідегі жазбаларда сағаттың нақты құны мен оның Умаровқа тиесілі екені ресми түрде расталғаны туралы ақпарат жоқ.


